Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев журналистермен жүздесті

2020 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында өңірімізге 3 мыңға жуық адам көшіп келеді. Сондай-ақ, тұрғындар атаулы әлеуметтік көмекті жаңа форматта алатын болады. Мұны журналистермен жүздескен облыс әкімінің бірінші орынбасары Асқар Сақыпкереев мәлімдеді. Әңгіме барысында өзге де тақырыптар қаузалды.

Биыл өңіріміздегі 5700-ден аса аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Берілген сома 2,3 млрд теңгені құрайды. Журналитермен жүздескен Асқар Сақыпкереевтің сөзінше, жанұялардың бірсыпырасы табыстарын жасырып, мемлекеттен ақшаны заңсыз алып отырған екен. Оларға қатысты тиісті шара қолданылды. Бүгінде отбасылардың біразы қаржыны қазынаға қайтарды, кейбірінің ісі сотта қаралуда. Енді атаулы әлеуметтік көмекті беру механизмін жетілдіру мақсатында салада 2020 жылдан бастап бірқатар өзгеріс орын алатын болады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Көпбалалы аналар үшін республикалық бюджеттен жәрдемақы беріледі. Оның орташа мөлшері 10-11 мыңды құрамақ. Айта кетейік, мұндай көмек отбасының табыс мөлшеріне қарамастан төленеді. Мемлекеттік жәрдемақымен өңірде 3 мыңға жуық жанұяны қамтуды жоспарлап отырмыз.

Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралсақ. Мұндай қолдау бұрынғы механизм бойынша көрсетіледі. Яғни, отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма қалады. Осы орайда айта кетейік, егер де еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартса, отбасыға төлем жасалмайды. Қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет деген бар. Енді оның аясында 1900-ден аса солтүстікқазақстандық балаға мектеп формасы, жол ақысы және білім ошақтарында тегін түскі ас беріледі.

Жұмыссыз жүрген тұрғындарға білім беру мен қызметке орналастыру жайы да бір жолға қойылып келеді. Биыл өлкеміздегі 1700-ге жуық адам оқудан өтіпті. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген.
Солтүстікке қоныс аударушылардың да саны өсіп келеді. Мәселен, биыл халқы тығыз орналасқан аймақтардан 725 отбасы көшіп келіпті. Ағайынға тиісті жағдай жасалған. Бұл бағыттағы іс әлі де жалғасады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Жылдан жылға қабылданып жатқандардың саны көп. Келер жылы 3 мыңға жуық немесе одан да көп адамды қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Және «Серпін» мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы да азаматтарды қабылдайтын боламыз.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша келер жылы қоныс аударушылар үшін 428 үйдің құрылысы басталады. Осылайша 2022-ге дейін салынатын нысандардың саны 2 мыңнан асады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмайды. Облыс бойынша бүгінде жарымжан адамдардың саны 27 мыңға жуық. Келер жылы мүгедектерге арналып әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылмақ. Оның көмегімен түрлі қызметтерді үйде отырып алуға болады.

Бердимурат Баймухан