Спорт

“Құлагер” ХК көкшетаулық “Арланды” қабылдады

Демалыс күндері Спорт сарайының мұз айдынында тартысқа толы қос кездесу өтті. Бұл жолы жергілікті “Құлагер” ХК турнирлік кестенің көш басында тұрған көкшетаулық “Арланды” қабылдады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бірер сәттен соң көкшетаулық «Арлан» мен қызылжарлық «Құлагер» арасындағы қарымта кездесу бастау алады. Сенбілік матчта жергілікті команда турнирлік кестенің бірінші сатысында тұрған қарсыластарын тізе бүктірген еді. Осылайша, өз жанкүйерлеріне қатарынан 8-ші жеңісті сыйлады. Құрама көрсеткішті 9-ға дейін жеткізе ала ма? Қазір білетін боламыз.

Ысқырық шалынды, шайба – мұз айдынында. Кездесудің мықтысын анықтауға 1 сағат уақыт бар. Құлагерліктер бірден тізгінді қолдарына алып, сенбілік матчтың жеңімпазы кім екенін еске салмақ. Бірнеше минуттан соң жергілікті жанкүйерлер жеңістің дәмін сезе бастады. Есеп ашылды, алғашқы шайба авторы – Максим Первухин.

Құлагерліктердің бұл қуанышы арландықтарды ашуға мінгізді. Команда ызаға булығып, бірден шабуылға көшті. Ойынның 11-минутында көкшетаудан ат терлетіп келген жанкүйерлер бөріктерін аспанға атты.

Есеп теңесті, ойын қыза түсті, онымен бірге хоккейшілер де. Имек таяқ шеберлері агрессияға бой алдырып, бірінен соң бірі алаңнан қуылды. Алайда, алғашқы 20 минуттық кіші айыппен жазалағандар үшін емес, Андрей Янков үшін қиынға соқты. Бірінші периодтың соңында ол бағытталған шайбалардың астында қалды. Бірақ, қырағы қақпашы олардың бірінде сеткаға кіргізген жоқ.

Матчтың алғашқы 20 минут ойыны да, үзілісі де бітті. Командалар жаттықтырушыларынан жаңа нұсқама алып, айдынға оралды. Қос құрама да шапшаң қимылдауда. Шайба біресе арландықтардың, біресе құлагерліктердің қақпасының жанында. Дегенмен, ойлағанын тек көкшетаулық хоккейшілер іске асыра алды. Алдымен есеп 2 де 1, кейін 3 те 1-ге жетті.

Жағдайды түзетіп, сенбілік жеңісті қайталау үшін “Құлагер”-де енді 20 минут қалды. Соңғы кезең, соңғы үміт. Ол үмітті “Арлан” құрамасы тағы да үзді. Есеп 4 те 1-ге жетті. Таблодағы бұл сандар жергілікті команданы есеңгіреткен сыңайлы. 1-ші периодтағы құлагерліктер ойынының иісі де сезілмейді. Бірақ, еңсені түсіруге ерте, жиналу керек. Ысқырыққа дейін 4,5 минут қалғанда Дамир Хасенов есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен, уақыт әлі де арландықтардың еншісінде. Көкшетаулықтарға енді шайба салу емес, қақпаны қорғау маңызды. Шабуылға құлагерліктердің бақандай 6-уы кірісті. Тактика мен шапшаңдық 1,5 минуттың ішінде есепті өзгертпеді.

Ильгиз Нуриев – «Qulager» ХК капитаны:

– Бізге бірлесе әрекет ету жетіспеді. Соңғы 1 айдың ішінде өте көп ойын өткіздік. Екі кездесуде де бір деңгейде өнер көрсету өте қиын. Кеше жақсы қимылдасақ, бүгін оны қайталай алмадық. Әрі матчтың барысында тез шаршап қаламыз. Хоккейшілердің саны бойынша қарсыластарымыз басым түседі. Біздің мықты ойыншылардың бірнешеуі жарақатпен отыр. Бұның барлығы өз әсерін беріп жатыр. Қатемен жұмыс жасайтын боламыз.

Бұл жолы жанкүйерлер мен хоккейшілер де матч біткен соң тез тарасқан жоқ. Көрермендер сүйікті командасының Жаңа жылға орай ұйымдастырған бастамасын қолдап, айдынға ойыншықтарды лақтырды. Кейін бұл дүниелер өңірдегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантпақ. Жалпы, “Құлагер” қазір турнирлік кестенің 6-шы орнына нық орнықты. Келесі ойын желтоқсанның 25-сі және 26-сы күндері сырт айдында маусымның аутсайдері – “Астана” құрамасына қарсы өтпек.

Эльмира Сәдуақасова