ТЖ

Өңірде өткен аптада 14 өрт оқиғасы тіркелді

Өткен аптада облыс аумағында 28 төтенше жағдай тіркелген. Оның 14-і – өрт оқиғалары. Бүгін бұл туралы журналистерге ТЖД мамандары брифинг барысында айтты.

Тілсіз жауға әкеп соқтыратын себептердің бірі – салғырттық. Облыста өткен аптаның өзінде 14 өрт оқиғасы орын алып, салдарынан 4 адам жазым болған. Соңғы қайғылы жайт Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында орын алған. Онда жеке тұрғын үй өртеніп, бір жарым жастағы сәби көз жұмды.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы:

– Бұдан бөлек Петропавлдағы отбасылық жатақханада да өрт оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. 50 адам эвакуацияланды. Оның 10-ы – кішкентай балалар.

Мамандардың айтуынша осындай оқиғаларға көп жағдайда адамдардың немқұрайлылығы себеп болып отыр. Сондықтан, құтқарушылар тұрғындарға тиісті қауіпсіздік ережелерін ұмытпау қажеттігін ескертеді. Тағы департамент қызметкерлері қыс кезінде көлікке де мән берген жөн дейді. Нақтырақ айтар болсақ, алыс жолға шықпас бұрын темір тұлпарларыңызды жіті тексеріп алған дұрыс. Себебі, машина діттеген жерге жетпей бұзылуы мүмкін. Мұндай жайт бүгін ғана орын алды. Соколовка ауылының маңында Бішкектен Екатеринбургке бара жатқан автобус тоқтап қалған. Көліктің тежегіш жүйесі істен шығыпты.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы:

– Автобустың ішінде 36 адам болды. Олардың 31-і қауіпсіз жерге көшірілді. Жолаушылар Соколовка орта мектебіне орналастырылды. Қалғандары эвакуациялаудан бас тартты. Ал сағат 12-де рейстік автобус жөнделіп, қайтадан жолға шықты.

Осы орайда өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға «Darmen» мобильдік қосымшасын жүктеуге кеңес береді. Аталған бағдарлама арқылы адамдарға онлайн режимде дауылды ескертулер жолданады.

Дана  Ешкенова