МТРА жаңалықтарыҚоғам

Қызылжар ауданының әкімі тілшілермен тілдесті

10 шақты фабрика мен цех ашылады, азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берілмейді, Бескөл ішіндегі жолдар жөндеу көріп, көптің сынына ұшыраған 101 автобустары жаңартылады. Бұл – Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасовтың келер жылға жоспары. Бүгін ол өзге әріптестері сияқты орталық коммуникациялар қызметінің алаңында тілшілермен тілдесіп, нендей жұмыс атқарылғанын баяндады.

Көркем слайдтар мен жалынды сөздер. Орталық коммуникациялар алаңына келген аудан әкімдері жыл бойы тындырған шаруасын осылай әдемілеп жеткізуге құмар. Қызылжар ауданының атқамінері Жанат Сәдуақасов есеп берген 10-шы басшы. Алайда, маңызды брифингке ол кешігіп келіп, тілшілерді сәл күттіріп қойды. Президент жүктеген маңызды міндеттер жайлы қысқа қайырған соң, Сәдуақасов мырза жетістіктерді жіпке тізді. Сөзінше, өлкедегі сүт-тауарлы фермалардың 40 пайызы Қызылжар ауданында орналасқан. Десе де, өткен аппараттық отырыста аймақ басшысы мұнда мал шаруашылығындағы көрсеткіштердің түсіп кеткенін сынаған болатын. Жанат Сәдуақасов 2020-да бұған жол бермейміз деді. Келер жылы жаңа кешендер салып, сүт өндірісін 2 есеге арттыру ойы бар екен. Сөзінше, ауданда кәсіпорындардың саны да артады біршама.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– 2020 жылы 10 ірі жоба жүзеге асырмақшымыз. Осылайша ауданға 2 млрд теңге инвестиция тартамыз. Зығыр мен рапс майын өндіретін цех пен сүтті қайта өңдейтін кешен жұмысын бастайды, тағы құс фабрикасы, кірпіш зауыты, наубайхана, мал азығын жасайтын цех пен дәріхана ашылады.

Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің деген наным бар еді ғой. Келер жылға аяқ баспас бұрын, 2019-дағы проблемаларды шешіп алу керек. Ал олар аз емес. Қызылжар ауданындағы көпбалалы және аз қамтылған жанұялардың бірқатары АӘК ала алмай зар болған еді осы күзде, шағымын біздің арнаға да жеткізген болатын. Жыл аяғына дейін бюджетке ақша түсіп, жәрдемақыны толығымен төлейміз деп уәде берген болатын басшылық. Қазіргі ахуал қандай?

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Тұрғындарға әлі 2,5 млн теңге қарызбыз. Желтоқсанның 25-іне дейін атаулы әлеуметтік көмек бойынша берешекті толығымен жабамыз.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы кей аудандарда шарықтап жатыр, жасыратыны жоқ. Қызылжар ауданы қазан айының қорытындысы бойынша қара тізімге енген еді. Мұндағы кей ауылдарда қарақұмықтың құны бақандай 100 теңгеге өсіп кеткен болатын. Облыс әкімі аудан атқамінерлеріне бағаны бақылауда ұстауды тапсырды. Жанат Сәдуақасов қатемен жұмыс жасаған сыңайлы.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Аудандағы кейбір сауда орындары алып-сатарлар арқылы жұмыс істеген. Ал олар азық-түлікті дүкен иелеріне қымбатқа өткізіпті. Біз мұның жолын кестік. Бүгінде 9 аталым бойынша бағаны түсірдік, Қызылжар ауданында әлеуметтік азық-түліктің құны қалыпты.

101А – биыл ғана ашылған автобус маршруты. Ол Бескөлдің оңтүстік-шығысы, ал бұқараның тілімен айтқанда “Санта-Барбара” ықшам ауданы арқылы қалаға қатынайды. Бірақ, жаңа маршрут қуаныш сыйлаудың орнына, жұрттың бас ауруына айналды. Көліктер жолдың жамандығынан жиі сынады, қатынаудағы ара-қашықтық та тым ұзақ. Проблеманы тұрғындардың бірі облыс әкімінің Бескөлдегі қабылдауында жеткізген болатын. Ал Қызылжар ауданының әкімі жағдайды 2020-да түзетеміз деп сендірді.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Келесі жылы “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында 800 млн теңгеге Бескөлдегі ішкі жолдардың 22 шақырымы күрделі жөнделеді. Сол 22 шақырымның 10 километрімен 101А маршруты қатынайды. Ал тасымалдаушы компаниямен келіссөздер жүргізіп, келер жылы автобус паркін жаңартамыз деп келістік. Автобустардың саны артады, олар лық толы болмайды.

Тағы Бескөлде келер жылы мектеп салынып, үш ауысымдық оқыту мәселесі шешіледі, екі 5 қабатты үй салынып, 35 көпбалалы отбасы баспана алады, 10 ауылға орталықтандырылған су жетеді. Қысқасы, Сәдуақасов мырзаның сөзіне сенсек, 2020 жыл қызылжарлықтар үшін сәтті болайын деп тұр, тек әкім сол сөзінде тұрып, жоспарды орындаса болды.

Саят Ермек