МТРА жаңалықтары

Мәслихаттарға – 25 жыл

Еліміздегі мәслихаттардың құрылғанына биыл 25 жыл толды. Ширек ғасыр бойы халық қалаулылары тұрғындардың мәселелерін шешуге және өзге де шаруаларға белсенді түрде ат салысып келеді. Атаулы датаға байланысты шаһарда салтанатты жиын өтті. Мерейтойлық шарада мемлекеттік дамуына үлесін қосып, еңбегімен еленген жандар марапатқа ие болды.

Қоғамның белсенділігін арттырды, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берді, жұртшылық пен билік арасын байланыстырды. Бұның барлығы осыдан 25 жыл бұрын жасалған қадамның, яғни мәслихаттарды құру туралы шешімнің нәтижесі. Ширек ғасыр бойы халық қалаулылары тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, проблемаларын бір жақты етуге көмектесуде. Бүгінде депутаттарсыз мемлекетті елестету мүмкін емес. Салтанатты шара да осы жандарға арналған. Жиналғандарды мерейтоймен облыс әкімінің атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Елбасының салиқалы саясатының арқасында Тәуелсіздік жылдары еліміздің экономикалық жағдайы жақсарып, әл-ауқаты артты. Депутаттар күрделі кезеңде халық үшін маңызды сұрақтарды шешуге қатысты. Сіздерге халық үлкен сенім артып, қолдау білдірді. Сіздерге осы жолда табыс тілеймін.

Шынымен халық қалаулыларына тұрғындардың артатын сенімі зор. Жұртшылыққа жақын болып, өзекті мәселелерді шешу – мәслихат депутаттарының басты міндеті. Өзіне жүктелген тапсырманы абыроймен атқарып, мемлекеттің дамуына үлесін қосып жүргендердің бірі – Сабыр Мұстафин. Тимирязев аудандық мәслихаттың хатшысы бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын иеленді.

Сабыр Мұстафин – Тимирязев аудандық мәслихаттың хатшысы:

– Бүгінгі марапат менің ғана емес, аудандағы депутаттық корпус жұмысының ортақ жемісі. Халық қалаулыларымен талай шаруаның басын қайырдық. Қатарымызда әрбір саланың өкілдері бар. Сондықтан, елді мекендердегі барлық мәселелерден хабардармыз. Қазір ауылдарды сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ, жол проблемаларын шешуге де кірістік.

90-шы жылдар мен қазіргі күні халықтан түсетін сауалдар жер мен көктей. Мәслихаттар енді ғана жұмысын бастағанда тұрғындар зейнетақы мен жалақының уақытылы төленуін сұрапты. “Бүгінде тұрғындарды өзге пробемалар алаңдатады”,- дейді облыстық мәслихат депутаты Біржан Жалғасбаев. Халық қалаулысы міндетіне / азамат 2016 жылдан кірісіп, бірқатар шаруаның атқарылуына үлесін қосқан. Еңбегі үшін оған аймақ басшысының Құрмет грамотасы табысталды.

Біржан Жалғасбаев – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Нұр Отан партиясының қоғамдық қабылдау болғанда, қала тұрғындары көмекке жүгінді. Олар аулалардағы бөгеттер мен құрылыс жұмыстарынан кейін, учаскені ретке келтірмей кеткен мердігерлерге шағымданды. Біз мәселені астанаға дейін жеткізіп, шештік.

Барлығы шара барысында еңбегімен еленген 30-дан аса депутат марапатқа ие болды.

Саят Ермек