Қоғам

Бірінші гимназияда мұз айдыны пайдалануға берілді

Бірінші гимназияда мұз айдыны қолданысқа берілді. Енді ол жерде үлкен де, кіші де бос уақыттарын көңілді әрі тиімді өткізе алады. Жалпы, бүгінгі күні облыс аумағында 400-ге жуық осындай орын бар екен. Қазір олардың басым көпшілігі пайдалануға жарамды. Қалғандары 1-2 күнде дайын болады.

Бұл – 23-ші мектеп. Мұндағы мұз айдынын атқамінерлер бір ай бұрын құйған екен. Қазір алаңда хоккейден жеткіншектер арасында қала әкімінің кубогі үшін лига ойынындары жүріп жатыр.

Ал мынау – бірінші гимназиядағы мұз айдыны. Мұндағы шаруаның аяқталғанына небәрі 1 жұма болыпты. Қазір алаңда мектеп намысын түрлі сайыстарда қорғап жүрген жеткіншектер жаттығуда. Спортты жандарына серік еткен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Сүйікті іспен айналысу үшін енді алысқа бармауға да болады.

Руслан Джемалединов – бірінші гимназияның оқушысы:

– Хоккеймен айналысып жүргеніме 2 жылдан асты. Менің қатарластарымның көбі спорттың осы түрін ұнатады, бірақ тегін әрі дұрыс дайындалатын орындар жоқ. Сол себепті, өзге мектепке немесе спорт сарайына барады. Ал мен жаттығатын жер іздеп басымды қатырмаймын. Өйткені, мұз айдыны – мектептің жанында.

Мұз айдынын құйғанына тек оқушылар ғана емес жаттықтырушылар да дән риза. Себебі, осыдан бір апта бұрын мұндағы жас хоккейшілер мектептегі спорт залында жаттығыпты. Енді шеберліктерін спортшылар нағыз мұз алаңында шыңдауда. Жалпы, облыс бойынша 262 хоккей корты мен 130 мұз айдыны бар. Қазіргі күні оның тек 80 пайызында ғана коньки теуіп жүрген жандарды көруге болады.

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

– Биылғы жылы қараша айында алғашқы суық түскен кезде мұз айдындары құйылған болатын. Кейін, күн жылынып, жұмыстар тоқтатылды. Енді қазір күн суытқан кезде алдағы бір-екі күнде жұмыстар жүз пайыз дайын болады.

Шаруа аяқталатын корттың бірі – ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатында. Мұндағы мұз алаңы тұрғындарға ертең пайдалануға берілмек. Айта кеткен жөн, облыс аумағындағы бұл айдындарда кез келген азамат тегін сырғанап, уақытын тиімді өткізе алады.

Актолкын Солтанханкызы