Спорт

Білім саласындағы спорттың жылдық қорытындысы

Қазіргі таңда облыстың білім беру мекемелерінде 1900-ге тарта спорт секциясы жұмыс істейді. Оларға 30 мыңнан аса солтүстікқазақстандық жас барады. Жерлестеріміздің жетістіктері орасан. Осы күні дарынды ұл-қыздар өңір намысын түрлі додаларда абыроймен қорғап жүр. Бұл жайлы облыс орталығында өткен қорытынды жиында айтылды.

Жастарды дене шынықтыруға баулуда, одан қалды болашақ чемпиондарды даярлауда мұғалімдердің қосар үлесі зор. Қазіргі күні облысымыздың 475 мектебінде 800-ге жуық ұстаз қызмет етіп келеді. Олар жаттықтырып жүрген оқушылар түрлі деңгейдегі сайыстар мен турнирлерде сәтті өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

– Облыстық білім беру мекемелерінде барлығы 1900-дей спорт үйірмесі бар. Мұнда 30 мыңнан аса бала жаттығады. Яғни, өңір оқушыларының 43 пайызы мектеп қабырғасында спортпен белсенді шұғылданады.

Солтүстікқазақстандық дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби шеберліктерін жоғары бағаламасқа болмас. Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің ұстазы Жандос Қалиұлы – бұған айқын мысал. Ол биыл Бурабайда өткен «Қазақстан Республикасының үздік дене шынықтыру мұғалімі» байқауына қатысыпты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 46 ұстаздың ішінен оқ бойы озып, «Белсенді спорт ұйымдастырушысы» атаныпты. Бүгін педагогтың еңбегі тағы бір қайтара бағаланды. Ол облыстық білім басқармасының құрмет грамотасын алды.

Жандос Қалиұлы – Қожаберген жырау атындағы №6 мектебінің дене шынықтыру мұғалімі: 

– Біз ол жерде жетістіктерімізді қорғадық, одан бөлек жаңа бағдарлама аясында 20 минуттық сабақ өткіздік.

Теріскейлік оқушылар мен колледж студенттерінің командалық спорт түрлері бойынша да нәтижелері жаман емес. Алпамыс Мағауя Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде дене тәрбиесінен сабақ береді. Ол студенттерді футзал және воллейболдан жаттықтырады. Бүгін азаматтың дене тәрбиесі және спортты дамытуға қосқан сүбелі үлесі еленді. Оған Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасы табысталды.

Алпамыс Мағауя – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің дене тәрбиесі жөніндегі аға нұсқаушысы:

– Мен воллейбол мен футболдан жаттықтырамын. Менің шәкірттерім республикалық жарыстарда жеңіске жетті. 2019 жылы ұлдар футзалдан 1-ші орын алды. Ал қыздар 2 орын алды.

Өткелі жатқан жылдың спорттық нәтижелері қорытындыланған шарада тағы “Ақшақар” қысқы спартакиадасы мен оқушылар арасында өткен “Жастар” сайысында топ жарғандар марапатталды. Сондай-ақ, “Батыр”, “Ұлан”, “Алау” сияқты әскери ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де қошеметке бөленді.

Бердимурат Баймухан