Құқық қорғау органдары

Жаңажылдық кеште полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істейді

Жаңажылдық кеште өңір полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Өйткені, қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың басым бөлігі мереке күндері жасалады екен. Жедел басқару орталығының мамандары мен кезекші топтар 2020-ны қоғамдық тәртіпті бақылай жүріп қарсы алады.

Жедел басқару орталығы – Петропавлдағы полиция бөлімшелерінің “жүрегі” деуге болады. Өйткені, мұндағы мамандар тәулік бойы бұқарадан қоңыраулар қабылдап, оқиға орындарына жақын маңда жүрген кезекші топтарды жібереді. Ал шаһар бойынша орнатылған 410 камера – орталықтың “көздері”. Жолдардағы, қоғамдық орындардағы ахуалды инспекторлар кірпік қақпай бақылайды. Құрылғылардың көмегімен Петропавлда жыл басталғалы 13 мыңдай тәртіпбұзушылық анықталған, ол-ол ма, тағы 700 қылмыс әшкереленіпті. Десе де, ақпардың басым бөлігі телефон арқылы түседі дейді полицейлер.

Алена Ткаченко – СҚО ПД штабының аға инспекторы:

– Орта есеппен 102 каналына тәулігіне жұртшылықтан 30-дан 400-ге дейін хабарлама түседі. Бүгінге дейін шалынған 56 мың қоңыраудың 3 мыңнан астамында қылмыстық әрекеттер жайлы, ал шамамен 23 мыңында әкімшілік құқықбұзушылықтар жайлы баяндалды. Сараптама жүргізген едік, нәтижесінде хабарламалардың басым бөлігі түнгі уақытта, тағы демалыс және мерекелік күндері түсетінін анықтадық.

Сондықтан, жақындап келе жатқан мереке күндері тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс жасамақ. Жаңажылдық түнде манағы жедел басқару орталығындағы кезекшілікке ең тәжірибелі деген мамандар түседі. Олар 2020-ны отбасымен емес, экран алдында қарсы алады.

 

 

Саят Ермек