МТРА жаңалықтарыҚоғам

Уәлиханов ауданының әкімі жылдық жұмысын қорытындылады

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында бүгін Уәлиханов ауданының әкімі сөз сөйледі. Медет Оспанов журналистер қауымына қаңтардан бері тындырған жұмысын баяндады. Атқамінер айта-айта жауыр болған, көпшілікті толғандыратын жол мен интернет түйткілдерін көп ұзамай шешуге тырысатынын айтты. Одан қалды, көктемгі тасқынға әзірлік барысын да тілге тиек етті.

Медет Оспанов – жыл бойы тындырған шаруасын журналистер алдына жайып салған 9-шы әкім. Атқамінер таза қазақ тілінде баяндама жасады. Ол жетекшілік ететін Уәлиханов ауданы – ең шалғай жатқан аумақтардың бірі. Десе де, аяқ алысы жаман емес. Мәселен, аудандағы өнеркәсіп, Медет Оспановтың сөзінше, келер жылы жанданады. 2020-да тұз өндірісін бастау жоспарда бар.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Жақсы Тұз Петропавл” ЖШС-мен ас тұзын өндіруге 3 келісім шарт жасалды. Ауданда ең үлкен 3 тұз көлдері бар – “Жақсы Тұз”, “Жаман Тұз” және “Теке”. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл шаруашылықтардың жұмысы жүріп кететін болса, Кішкенекөлде тұзды қайта өңдеу бойынша зауыт ашу жоспарланып отыр.

Бізді қызықтырған мәселе – жол. Медет Оспанов қызметтік “Land Cruiser” көлігімен қатынайды екен. Бұл машина жол талғамайды, ал кей ауылдардағы ағайын тауқымет кешіп жүр. Бір мысал: жуырда ғана Уәлиханов ауданында Алтын Орда дәуірінен қалған “Қызыл оба” мекені табылды емес пе? Ондағы қазба жұмыстары жайлы материал жасаймыз деп арнаның түсірілім тобы алыс жолға шыққан еді. Жетуін жетті, ал қайтарда жолдың нашарлығынан көліктің дөңгелегі жарылды, ал ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығынан хабарласып, көмек сұрау мүмкін болмады. Айдалада қалған біздің журналистерге өзге арнадағы әріптестеріміз қолғабыс еткен еді сонда. Шалғайдағы ауылдарға апарар жол қашан жөнге келеді?

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Кішкенекөлден Бортық ауылына дейінгі 60 шақырымдық жолға қатысты жобалық сметалық құжаттар бар, алдын ала мәліметтер бойынша оған қаражат республикалық бюджеттен қарастырылып жатыр. Ал «Көктерек-Тоспа-Жасқайрат» жолындағы 30 шақырымдық ең бүлінген жерлерді жөндеуге 466 млн теңгеге жобалық сметалық құжаттар тапсырдық, сараптама бар, ал ақша бөлу жағы қаңтар айында шешілетін болады.

Ал ұялы байланыс пен интернет ше? Елді мекендерді заман игілігімен қамтуды Президенттің өзі тапсырмап па еді? Пәрмен орындалып жатыр ма?

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– 25 ауылдың 15-інде ұялы байланыс мүлде жоқ. Оның негізгі себебі ұялы байланыс операторлары экономикалық шығынға байланысты мұнара қойып, жұмыс жасаудан бас тартып отыр. «ҚазТелеРадио» мұнара орнатқан болатын, сол мұнараға «Beeline» компаниясы қондырғыларын қоятын болса, Қайрат, Жас Қайрат, Қуылкөл ауылдарына 3G-интернет желісі мен ұялы байланыс тарту мүмкіндігі бар.

Қаратал мен Қулыкөл – естеріңізде болса, Уәлиханов ауданындағы бұл екі ауылды биылғы көктемде тасқын су баса жаздады. Облыс әкімінің өзі мұнда 3 күн болып, штабты басқарды, тұрғындар жаппай эвакуацияланды. Бөгеттерді қойып, апаттың алдын алмағанда Сілеті қоймасынан жіберілген қызыл су қос селоны да шайып кетер еді. Алдағы көктемде жағдайдың қайталану қаупі бар ма? Көктемдегі су тасқынына жергілікті биліктің дайындығын сұрадық әкімнен.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Тасқын су ағыны ауылға қысым жасамас үшін біз плотиналардың екінші бағытын аштық, ауылды айналып өтетіндей қылып. Ол жұмыстар қазан айында жүргізілді, қауіп жоқ деп ойлаймыз. Онымен қоса, көктемгі жұмыстар кезінде біз ауылдың айналасында биіктігі 1 метрден асатын бөгеттер жасап қойған болатынбыз.

Жалақы жайы да сөз болды. Уәлиханов ауданында орташа айлық жоғары емес – небәрі 103 мың 750 теңге. Медет Оспановтың сөзінше, ауыл шаруашылығы саласындағы төмен еңбекақы бүкіл ауданды артқа тартып отыр. Бірақ, мәселе шешілуде. Жыл басынан бері 200 шақты кәсіпорында еңбек ететін 400-ден астам жұмысшының айлығы өскен. Оңтайлы сәтті пайдаланып, атқаміндердің айлық еңбекақысын сұрап көрдік.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Менің өзімнің жалақыма тоқталатын болсам, еңбек өтіліме сәйкес бүгінгі күні мен 300 мың теңге таза қолға аламын.

Проблемалардың бар екенін әкім Медет Оспанов жасырмады. Айтуынша, келер жылы аудан бюджеті біршама өсіп, 5,5 млрд теңгені құрамақ. Сондықтан, түйткілдердің көбі шешіледі деді ол. Оң динамика да жоқ емес. Соңғы 11 айда аудан тұрғындарына 400 мың шаршы метрдей баспана тапсырылған, 27 елді мекеннің барлығында таза ауыз су бар, ал мыңнан астам ауылдағы ағайын биыл екі қолға бір күрек тапқан. Оңтүстіктен қоныс аударған 44 отбасының бәрі үймен қамтылып, тиісті қолдау алған. Одан қалды, жергілікті медициналық мекемелерге 73 млн теңгенің су жаңа қондырғылары сатып алынып, 4 мектеп күрделі жөндеу көрген.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек