Қоғам

Пеньково селосының тұрғыны жарықты заңсыз пайдаланып келген

Энергетиктерден айласын асырып келген азаматтар анықталды. Биыл өңірде жарықты заңсыз пайдаланудың – 160, былтыр 200-дей фактісі тіркеліпті. Бірі Қызылжар ауданына қарасты Пеньково селосында орын алған. Ауыл тұрғыны баспанасы мен шаруашылық нысандарын қуат көзімен қамтып, бірақ ай сайын азын-аулақ ақша төлеп отырған. Бұны мамандар жоспарлы тексеріс барысында аңғарыпты.

Энергияны заңсыз пайдаланудың бұл фактісі 2018 жылдың қыркүйегінде тіркелді. Пеньково селосының тұрғыны энергетиктердің рұқсатынсыз жарық кабелін екіге бөліпті. Сөйтіп, баспанасы мен шаруашылық нысандарын электр көзімен қамтыған. Бірақ, шығындалған қуат есептегіш құрылғысында тіркелмеген. Ағаттықты мамандар байқап қоймасын деп ол тағы бір қулыққа барыпты. Сымдарға арнайы автомат орнатып, көмегімен жарықты бірде сөндіріп, бірде қосып отырған. Осылайша, ай сайын күдік тудырмайтын соманы төлеп отырыпты.

Евгений Политкин – «Солтүстік Қазақстан ЭЖТК» АҚ бас директорының орынбасары:

– Компания өкілдері әрдайым тексеріс жүргізіп тұрады. Осындай жоспарлы шаралардың бірінде мамандар Пеньково селосының тұрғыны электр желісіне заңсыз қосылғанын анықтаған. Акті толтырып, азаматты бірден сотқа бердік. Әрі баспанасын қуат көзінен айырдық. Ол ай сайын белгілі бір көлемде жарық үшін ақша төлеп отырғандықтан, бұл алаяқтықты қай уақытта бастағанын білмейміз.

Сондықтан, мамандар электр энергиясын пайдалану ережесіне сүйеніп, азаматқа 1 жылдық жарықтың есебін шығарыпты. Осылайша, заңның ала жібін аттаған жан 650 мың теңгені төлеуге міндеттелген. Алайда, жарықты ұрлағанын азамат мойындамапты. Керісінше компанияны сотқа беріп, өзінің сүттен ақ, судан таза екендігін дәлелдемек болған. Қалалық № 2 сот та Пеньково селосының тұрғынын кінәсіз деп тапқан.

Евгений Политкин – «Солтүстік Қазақстан ЭЖТК» АҚ бас директорының орынбасары:

– Біз облыстық сотқа жүгініп, аппеляцияға бердік. Фемида өкілдері №2 қалалық соттың шешімі қате деген ұйғарым шығарды. Сөйтіп, азамат жарық үшін 650 мың теңге төлеп, қайта электр көзіне қосылды.

Осылайша, 2018-дің 19 қыркүйегінде бастау алған істің нүктесі тек 2019-дың 29-шы сәуірінде қойылды. Бұл былтыр орын алған жалғыз факті емес. Тағы 200-дей адам айласын асырыпты. Барлығының қулығы әшкереленді. Бірақ, оқиғалар өзгелерге сабақ болмаған көрінеді. Биыл да алаяқтықтың 159 жайты анықталды.

 

Эльмира Садвокасова