ТЖ

Бескөл ауылында қайғылы жағдай орын алды

Бүгін Бескөл ауылында қайғылы жағдай орын алды. Сағат таңғы 11-лер шамасында екі пәтерлі үйден өрт шыққан. Салдарынан ыстан уланып қалған 2 жасар бала ауруханада көз жұмды.

Бүгін таңғы сағат 10:43-те өрт сөндірушілерге шұғыл хабар келіп түседі. Бескөл ауылындағы Лесная көшесі, 9 мекен жайында орналасқан екі пәтерлі үйден өрт шықты. Құтқарушылар дер кезінде оқиға орнына жетеді. Алайда, үйдің дәлізі түгел отқа оранып үлгерген екен. Ал үйдің ішінде 3 адам болған. Яғни, 78 жастағы қарт әйел мен 2 немересі.

Нұрлан Құлбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы:

– Оқиға орнына жеке құрамның 6 қызметкері мен 2 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, қаладан қосымша 4 техника жіберілді. Құтқарушылар келген сәтте кейуана 2011 жылы туылған немересін сыртқа шығарып үлгерген екен. Бірақ, үйдің ішінде тағы 2 жасар сәби қалып қойыпты. Өрт сөндірушілер хабарды ести сала оны құтқарып, дәрігерлердің қолына тапсырады.

Егде жастағы адамның денесін 10 пайыз күйік шалған. Өкінішке қарай, сәби ауруханада көз жұмды. 2 жасар бала ыстан уланып қалыпты.

Нұрлан Құлбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы:

– Баспана пешпен жылытылады. Болжам бойынша егде жастағы әйел ыстық күл салынған шелекті далаға шығара алмай, дәлізге қоя тұрған. Өрттің себебі осыдан ба деп ойлап отырмыз. Ол кезде балалардың анасы 3-ші баласын мектептен әкетуге кеткен екен.

Баспананың сыртқы дәлізі түгел жанып кеткен. От үйдің ішіне жетпепті. Қазіргі күні өрттен зардап шеккен отбасыға жергілікті орган өкілдері қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан