Қоғам

Балақайларға сыйлықтар үлестірілді

Жаңажылдық бал-маскарад. Облыс орталығында балаларға арналып қайырымдылық акциясы өтті. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін ұйымдастырылған іс-шараға 80-ге жуық ұл-қыз қатысты.

Балалардың қуанышында шек жоқ. Өйткені, олар үшін бүгін маңызды күн. Ұл-қыздар осыдан бір ай бұрын Ааяз атаға хат жазған екен. Қазір балақайлар жылына бір-ақ рет келетін, қоржыны тәттіге толы, тілек орындайтын ақсақалды тағатсыздана күтуде.

Ал міне мерекелік кештің бас қонағы – Аяз ата да кіріп келді. Балғындар онымен асыр салып биледі. Қолынан ұстап шыршаны айналды. Енді келесі кезек – сыйлықтарда. Ұл-қыздар жазып жіберген хаттың барлығы Аяз атаға жетіпті. Балалардың тапсырған дүниелері сан түрлі екен. Біреуі батыр боламын деп – қылыш, басқасы – көлік, үшіншісі тақтадағы футбол ойынын тапсырған екен. Мінеки, көп күтпей бүгін балақайлардың армандары орындалды.

Иван Даниленко:

– Осындай қызыл түсті машинамның болғанын көптен армандадым. Мен оны алу үшін Аяз атаға хат жолдадым. Жазуды білмеймін, бірақ қалаған затымның суретін салып жібердім. Аяз ата тілегімді орындады.

Ангелина Шульгина:

 – Мен хатта бесіктегі қуыршақты алғым келеді деп жаздым. Аяз ата берген сыйлық өзіме қатты ұнады.

Кейін балақайлар, ән айтып, би биледі. Ойын ойнады. Оларға арнап дастархан да жайылып қойған екен. Оның үстінде тәтті дәмдінің барлығы бар. Шарапаты мол шара биыл 15-ші рет өткізіліп жатыр дейді ұйымдастырушылар.

Галина Калинкина – «Эра милосердия» ҚБ президенті:

 – Мұндай қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылып тұрады. Біздің қоғамдық бірлестікте 90-ға жуық көпбалалы отбасы тіркеуде тұр. Олардың барлығына қолымыздан келгенше көмек беріп тұрамыз. Оқуға барарда балаларына мектеп заттарын алып, осындай әр түрлі мерекелік іс-шараларға шақырып ойнатамыз. Дүкен иелері де барынша демеу көрсетіп тұрады.

Жалпы, бүгінгі шараға 3-пен 11 жас аралығындағы 80-ге жуық бала келді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан