Қоғам

Ақсақалдар кеңесінің форумы өтті

Мемлекетіміз озық 30 елдің қатарына кіруі үшін жастар дұрыс білім мен тәрбие алуы қажет. Осы орайда өскелең ұрпақтың бойына ұлттық дәстүрді сіңіріп, өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу маңызды. Бұл жайында облыс орталығында өткен ақсақалдар кеңесінің форумында айтылды.

Жиында қозғалған тақырыптардың барлығы рухани құндылық пен тәрбие жайында өрбіді. Зал төрінде отырған аға буын өкілдері келгендерге ел бірлігінің осы негізгі күші туралы түсіндіріп жатыр. Қазыналы қарттарымыздың айтуынша қазіргі аумалы-төкпелі заманда ел бірлігін сақтау өте маңызды. Ол үшін өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие мен білім беру қажет. Олар өз елінің патриоты болып өсулері керек. Сонда ғана жас ұрпақ елі үшін қызмет етіп, бәсекеге қабілетті бола алады.

Анатолий Башмаков – Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қай мемлекет болсын оның тірегі – жастар. Олар патриот болып, оны көркейтуге үлес қосулары тиіс. Оның барлығы Отанды сүюден басталады. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ өз елінің өткен тарихын біліп өсулері тиіс.

Ал Жангелді Тәжиннің айтуынша ұрпақтың тәрбиесі мен ұлттық сана-сезімін жетілдіруде қариялардың алатын орны зор. Ағамыз қазіргі қарттардың бойында да сондай ұлтжандылық қасиет болуы қажет дейді

Жангелді Тәжин – Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Халқымыз – ақсақалды өте сыйлаған ел. Ақсақал адам қай заманда болмасын қасындағы кісілерге ақылын айтып, жұртты ұйыстырып, ілгері апаруға күш беретін адам болған. Қазіргі замандағы қарттар осындай талапқа сай болу керек деп ойлаймын. Өйткені, мемлекеттің болашағы үшін ат салысу тек қана жастардың, ат үстінде жүргендердің ғана мойнында ғана емес, зейнет жасындағы қарттардың да міндеті деп ойлаймын.

Қазіргі күні қала бойынша 7 мыңнан аса белсенді жас бар. Олар – университет пен колледж студенттері. Жастар түрлі қайырымдылық шараларды ұйымдастырады, ардагерлер мен зейнеткерлерге көмек көрсетеді.
Жалпы, форумға 100-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында қаланың құрметті азаматтары мен мәслихат депутаттары және этномәдени бірлестіктердің белсенділері болды. Жиынға келген жандар Елбасының “Рухани жаңғыру” мақалалық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды одан әрі белсенді жүзеге асыру керек екенін айтты.

 

Бердимурат Баймухан