Балалар

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мүгедек балалар қуанышқа бөленді

Жаңажылдық қуаныш. «ОРиДИ» қоғамдық бірлестігі мүгедек балаларға арнап мерекелік жиын ұйымдастырды. Игі шарада жеткіншектерге Аяз атаның сыйлықтары табыс етілді.

Жаңа жыл – ғажайыптар мен шаттыққа толы мейрам. Әр бала мереке кешінде Аяз атадан өздері қалаған сыйлықтарын алғысы келеді. Ол үшін тілектерін мына бір жұлдызшаға ақырын ғана айтып жатыр. Көздері жайнап, жүздерінде шаттық нұры ойнаған балалардың қуанышында шек жоқ.

Көп күттірмей ортаға Аяз ата мен Ақшақар шығып, балалармен қызықты сұрақтар ойынын ойнады. Кейін жеткіншектер өздері жаттаған тақпақтарын айтып, Аяз атаның сыйлықтарына ие болды. Санжар Әнуарбектің жасы 16-да. Ол бос уақытында сурет салумен айналысқанды ұнатады. Әсіресе, табиғат құбылыстарын қағаз бетіне түсіру оның сүйікті ісі екен.

Санжар Әнуарбек – қала тұрғыны:

– Бәрі керемет, тамаша өтті. Ойындар ойнап, биледік және ән айттық.

Игі шараны «ОРИДИ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Осылайша, мейірімді жандар петропавлдық туабітті дертке шалдыққан 8 балаға қуаныш сыйлады. Акцияның өтуіне осымен 2 жыл қатарынан қаладағы «Тұлпар» дәмханасы ат салысып келеді екен.

Наталья Емельянова – “ОРиДИ” – «Жастық шағынан мүгедек болған балалар мен ата-аналардың облыстық мекемесі» ҚБ төрайымы:

– Балалардың қуанышы үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Жеткіншектерге Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жақсы көңіл күй сыйлағымыз келеді. Өздері қалаған заттарын алып беріп, тәттілерді сыйға тартамыз.

Жиын соңында балалар мен олардың ата-аналарына арнап мерекелік дастархан жайылды. Жеткіншектер жаңажылдық торттан ауыз тиді.

Маржан Касымбек