Спорт

«Qulager» ХК ташкенттік “Хумо” құрамасын қабылдады

Соңғы 7 ойындағы 7-ші жеңіс. Желтоқсанның 15-і мен 16-сы аралығында «Qulager» ХК өзбекстандық “Хумо” құрамасын қабылдады. Екі ойында да жерлестеріміз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде, құлагерліктер турнирлік кестенің 6-ші орнына тұрақтады.

15-ші желтоқсанда құлагерліктер ташкенттік “Хумо”-мен алғашқы ойын өткізген болатын. Матчта жерлестеріміз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ал, бүгін – қарымта кездесу. Петропавлдықтар екінші бәсекені қарқынды бастады. Олар қайта-қайта шабуылдап, өзбекстандық қақпашыны әбігерге салды. Алғашқы периодтың аяқталуына санаулы секунд қалған еді. Бұл сәтте хоккейшілеріміздің жолы болып, есеп ашты.

Екінші периодта ташкенттік команда қыр көрсетті. Қарсыластар бір емес бірнеше мәрте жерлестеріміздің қақпасына қауіп төндірді. Алайда, құлагерліктер сауатты қорғанып, есепті теңестірмеді. Бірақ, 2-ші кезеңдегі жерлестеріміздің ойынына жанкүйерлердің көңілі толмады.

– Жерлестерімізге жинақылық жетіспейді. Есепте алда тұрмыз, алайда бізге ойын барысы ұнап жатқан жоқ.

– Құлагерліктер кешегі кездесуге қарағанда әлсіз ойнап жатыр. Дегенмен бүгін де намысты қолдан бермей, жеңіске жетеміз деген үміттемін.

Петропавлдық хоккейшілер үзіліс кезінде 2-ші периодта жіберген қателіктерін түсінген болулары керек, соңғы кезеңді қарқынды бастады. Осылайша 42-ші минутта Денис Стасюк көзге түсіп, таблодағы сандарды 2-де 0 жеткізді. Бұл шайбадан соң айдындағы бәсеке қызды. Қос құраманың ойыншылары бір-бірін құлатты да, тіпті өзара төбелесті де. Матчтың аяқталуына жақын қалғанда хумолықтар есеп айырмасын қысқартты. Бірақ, өзбекстандықтардың қуанышы көпке созылмады. Бірнеше минуттан соң солтүстікқазақстандықтар белсеніп, есепті 3-те 1 ге жеткізді.

Владимир Репин – «Qulager» ХК ойыншысы:

– Қарсылас құрамадағы жігіттердің дені жастар. Сол себепті олар айдында өте жылдам қимылдайды. Осының салдарынан 1 шайба жіберіп алдық. Әрі өзіміз де біраз қателікке де бой алдырдық. Алдағы уақытта жаттығу жасап, қателіктерді түзейміз. Бүгінгі жеңіспен хоккейшілерді және жанкүйерлерді құттықтаймын.

Құлагерліктер екі кездесуде де 3-те 1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша жерлестеріміз турнирлік кестеде 1 саты жоғарылап, 6-шы орынға тұрақтады. Енді, солтүстікқазақстандықтар келесі матчын желтоқсанның 21-і мен 22-сі күндері Петропавлда өткізеді. Мұнда теріскейліктер көкшетаулық “Арлан”-ды қабылдамақ.

 

Актолкын Солтанханкызы