ТЖ

Петропавлда өрт оқиғасы орын алды

Ал енді облыстық төтенше жағдайлар департаментінен жолданған хабарға кезек берейік! Желтоқсанның 17-сі күні таңертен 101 желісіне шұғыл хабар түсіпті. Қоңырау шалған адам Шухов, 32 мекен жайында орналасқан 5 қабатты отбасылық жатаханадағы бөлмелердің бірі өрттеніп жатқанын айтқан.

Ақпарды ала сала 26 адам мен 9 бірлік техника оқиға орнына аттанады. Олар көп кешікпей шақыртылған жерге жетіп, іске кіріседі. Құтқарушылардың сөзінше от 18 шаршы метрді шарпыпты. Нысан ішіндегі заттар мен жиһаздар өрттенген. Мамандар тілсіз жауды 1 сағаттан аса уақытта толыққанды ауыздықтады. Бірден апаттың алдын алуға қою түтін кедергі келтірген екен.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

 – Мамандар өрт сөндіру кезінде құтқару капюшондарын қолданды. Осылайша 50 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Оның 16-сы – бала. Айта кеткен жөн, 2 бала дәл осы төтенше жағдай болған бөлмеден шығарылды. Алдын ала болжам бойынша от немқұрайлылықтың салдарынан орын алды. Қазіргі қауырт кезеңде сақтық шараларына аса мән берген жөн.

 

 

Култанов Байболат