Қоғам

“NewLife” орталығы тұрғындарға жаңажылдық көңіл-күй сыйлады

Аяз ата, Ақшақар мен аққала. Бұл – жаңажылдық мерекедегі басты кейіпкерлер.”NewLife” орталығы өздеріне келуші балалар мен олардың ата-аналарына арнап ерекше шара ұйымдастырды.

Жаңа жыл таяп келеді. Тұрғындардың дені үйлерінің іші-сыртын безендіруге көшті. Осы орайда “NewLife” орталығы балаларға өз тартуын жасады. Мұнда аққала, Аяз ата бейнесі мен шырша орнатылған. Сондай-ақ, қызметкерлер келушілерге түрлі тәтті мен ыстық шоколад ұсынды.

Александр Васютин – “NewLife Kids Wellness & Spa” балалардың жүзу және уқалау орталығының директоры:

– Негізі, бұл – жұбайымның идеясы. Менің ойымша, бұрын-соңды мұндай ерекше шара ұйымдастырылған жоқ. Көз алдымызға шетелдік қалалардың көшелері елестейді. Ауа райы салқын болса да келушілердің қатары қалың. Олар бүгін тәттілерден дәм татып қана қоймай, орталыққа жазылған жағдайда түрлі жеңілдіктерге ие болады.

Бұл мерекелік шараға қатысқандардың дені – орталық қызметін пайдаланушылар. Негізі, бүгінде мұнда 1 ай мен 4 жас аралығындағы 60-қа жуық бала сауықтырудан өтуде.
Жанаргүл Қаппасова 4 айлық ұлын осында әкеліп жүр. Айтуынша, мұнда баланың толыққанды жетілуіне барлық жағдайлар жасалған.

Жанаргүл Қаппасова – қала тұрғыны:

– Бүгінгі шара жақсы өтіп жатыр. Жаңажылдық жақындап қалғаны сезіледі. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.

Тұрғындар тәттілерден дәм татып қана қоймай, сүйікті ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсті. Ауа райының салқындығына қарамастан бұл шара ересектер мен балалардың көңілінен шықты.

–  Маған шара қатты ұнады. Мұнда бізге түрлі тәттілер берді. Сондай-ақ, Аяз атаға хат жаздық.

– Біз де осы орталыққа келеміз. Мамандар тұрғындарға ерекше жаңажылдық көңіл күй сыйлады.

 

 

Актолкын Солтанханкызы