МТРА жаңалықтары

МТРА тұңғыш шеф-редакторы Халия Жулдаспаева 65 жасқа толды

Адалдық, шыдамдылық пен кәсібиліктің 21 жылы! Муниципалдық телеарнаның тұңғыш шеф-редакторы Халия Жулдаспаева 65 жасқа толды. Бүгін ұжым оны мерейтойымен құттықтап, құрметті еңбек демалысына ресми түрде шығарып салды.

Туған күн кешінің басталуына әлі жарты сағат бар. Арнаның алғашқы шеф-редакторы баспалдақпен жоғары көтеріліп келеді. Ал редакцияға аяқ басқан оны тосын сый күтіп тұр.

Әп-сәтте қып-қызыл раушан гүлдерін ұстап арна директоры Евгений Сазанов келді.

Құттықтаулар мұнымен тыйылмады. Тіпті, жергілікті полиция департаментінің өкілдері де базарлықпен келген.

65-ші туған күн осыдан 4 күн бұрын өтіп кетсе де Халия Даирқызы оны әлі де атап өтіп жатыр. Ал біздің эфирге желтоқсанның 15-і бұл асыл жанның құрметіне мерейтойлық фильм шыққан еді. Көрген боларсыз, көрермен! 21 жылын Муниципалдық телеарнаға арнаған шеф-редакторға ел мен әлем бойынша тараған шәкірттері мен әріптестері жылы лебіздерін жолдаған болатын.

Халия Жулдаспаева – МТРА шеф-редакторы (1998-2019 жж.):

 – Керемет сезімде болдым! Жүрегіме жақын адамдарды көргеніме қуандым, жылап алдым!

Көзге жас алудағы басты себеп – сағыныш. Арнаны, жұмысын сағынып жүргенін ол жасырмады. Жуырда ғана Халия Даирқызы зейнетке шықты. Содан бері бос уақытым көбейді дейді. Сол бос уақытты өзіне, жанұясына, сүйікті ісіне арнап отыр бүгінде.

Халия Жулдаспаева – МТРА шеф-редакторы (1998-2019 жж.):

– Үй шаруасымен айналысқанды жақсы көремін, әсіресе, тамақ пісіргенді ұнатамын. Бұрын арнада жұмыс істегенде асты мультипісіргіште жасайтынмын, қазір олай емес. Күннің басым бөлігін ас үйде өткіземін.

Ал сұхбаттаң соң туған күн иесі мерейтойлық дастархан жаю қамына кірісті. Сол дастархан алдына жиылғандардың әрқайсысы жүрекжарды тілектерін жеткізді. Солтүстіктен шыққан журналистердің көбі оны екінші анасы санайды. Облыстық әкімдік өкілдері де құттықтай келген. 21 жылдың ішінде Халия Даирқызы жүздеген қалам мен микрофон шеберін тәрбиелеп шығарды. Бұл үшін бәрі оған шексіз риза. Туған күн сыйлықсыз бола ма? МТРА алғашқы шеф-редакторын жұмыс креслосынан демалыс креслосына отырғызды. Нақтырақ айтар болсақ, тербелмелі орындықты сыйға тартты.

Халия Даирқызы ұжымға дән риза, оны езуінен кетпеген күлкіден байқадық. Сөзінше, еңбек демалысында болса да ұжыммен ол әрдайым бірге, жүрегімен. Муниципалдық телеарна жұртшылықты теріскей тірлігінен хабардар етуді жалғастыра бермек. Болашағымыз біздің зор, бірақ өзінің тұңғыш шеф-редакторын ұжым ешқашан ұмытпайды, бұл сөзсіз!

 

 

Саят Ермек