МТРА жаңалықтары

«Есіл су» филиалы 2020 жылдан бастап жеңілдетілген тарифке көшеді

«Нұра топтық су құбыры” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалы 234 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Яғни, өңіріміздің – 11 және Қостанай облысының 2 ауданына тіршілік көзін жеткізеді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап аталған кәсіпорын жеңілдетілген тарифке көшпек.

Үстіміздегі жылдың шілде айында “Есіл су” филиалы “Қазсушардан” “Нұра топтық су құбыры” кәсіпорнының теңгеріміне ауысқан болатын. Осыған байланысты ұйым 2020 жылдың қаңтарынан жеңілдетілген жылдық тарифке көшпек. Мұндай өзгерістен соң су беру көлемі 3,5 мың текше метрге дейін артады. Сондай-ақ, сорғы станциялары, су тарату желілері күрделі жөндеуден өтеді. Тағы, іске қажетті қондырғылар сатып алынады. Ал тұтынушылар үшін тіршілік көзіне төленетін ақшаның құны өзгеріссіз қалады.

Никита Забавин – “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының бас инженері:

– Қазір заңды тұлғалар үшін судың 1 текше метрі – 717, ал тұрғындар үшін 40 теңгені құрайды. Бұл сома өзгеріссіз қалады. Жеңілдетілген жылдық тарифке көшу арқылы біраз іс тындыруды жоспарлап отырмыз.

Филиалдың топтық магистральдық су құбырларының жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Бұл су желілері арқылы 180 мыңнан астам адам тіршілік көзін пайдалануда. Жалпы, филиал жыл сайын магистральды құбырлардың 30 шақырымға жуығын ретке келтіріп отырады екен.

Никита Забавин – “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының бас инженері:

– Су желілерінің ұзындығы 3 мың шақырымнан асатындықтан күрделі жұмыстарды көп жүргізе алмаймыз. “Ауыз су”, “Ақ бұлақ” бағдарламалары арқылы қазір топтық су құбырларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Преснов, Соколов топтық су құбырларын жөндеу жоспарда бар.

“Есіл су” филиалына келер жылы бюджеттен шамамен 3 млрд теңге бөлінбек. Берілген қаражаттің белгілі бір көлемі суды тарату кезіндегі шығындарды азайтуға жұмсалады.

Ешкенова Дана