Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконың өмірден өткеніне 3 жыл толды

Ер есімі – ел есінде! Бүгін Қазақстанның Еңбек Ері, атақты аграрий Геннадий Зенченконың өмірден өткеніне 3 жыл толды. Осы дата қарсаңында Новоникольское селосында ауқымды жиын ұйымдастырылды. Шара барысында дүйім жұрт жерлесіміздің ілкімді істерін, ерекше қасиеттерін еске алды.

Өңірімізде Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченконы білмейтін адам некен-саяқ. Ол өткен ғасырдың соңы мен 2000-шы жылдардың басында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына сүбелі үлес қосты. Әрі өзінің туған өлкесін дамытты. Мәселен, жерлесіміз 1980 жылы Есіл өзені арқылы Новоникольское селосына өтетін мына шағын көпірді тұрғызды. Бертін келі нысан тозды және оны әр көктем сайын су басатын болды. Аграрий оның орнына жаңа, биік, берік құрылымды тұрғызғысы келіпті. Бірақ, өзінің мақсатына жете алмай ақтық сапарға аттанды. Алайда, әкесінің арманын баласы орындады. Қараша айының ортасында заманауи көпір қолданысқа берілді. Оның таспасын еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин қиған болатын.

Геннадий Зенченко – «Зенченко и К» КС бас директоры:

– Бұл көпір жалғыз Новоникольское елді мекенін ғана емес, Новоалександровка, Трудовое, Андреевка, Владимировка және Бостандық селоларын негізгі жолмен байланыстарады. Бар қиындық артта қалды. Енді Есіл өзені арқылы емін-еркін өте береміз. Маған бір ақсақал екі жағаны байланыстыру өмірдің жалғасатындығының белгісі екендігін айтты. Аға буын өкілдерінің ісімізді бағалап жатқандарына өте қуаныштымыз.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылған көпірдің құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталды. Іске серіктестік 4 млрд теңге бағыттапты. Нысанды салуға Шығыс Қазақстан және Ресейдің Қорған облысынан келген мамандар көмектескен екен. Құрылымның ені – 8, ал ұзындығы 220 метрден асады.

Михаил Еремин – «Семдорпроект» ЖШС директоры, ШҚО:

– Есіл өзені арқылы өтетін көпір – бірегей жоба. Ол темірден және бетоннан тұрғызылды. Нысанның биіктігі әжептеуір. Осының арқасында адамдар көктем кезінде машақат көрмейді. Яғни, еш қиындықсыз қатынайтын болады.

Геннадий Зенченко мен Иван Сауэр талай жыл жақын араласыпты. Ақмолалық мейман атақты аграрийдің өте еңбекқор, бауырмал болғанын айтады. Жерлесіміз үнемі ауылдастарының қамын ойлап жүрген екен.

Иван Сауэр – АФ «Родина» ЖШС директоры:

– Геннадий Иванович осы көпірді тұрғызу үшін көп уайымдады, көп тер төкті. Ол тіпті нысан салуға аса кездесе бермейтін металлды да әкелді. Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат ала алмады. Бірақ, оның арманың баласы орындады. Бұл іс барлығымызды қуантады.

Геннадий Иванович шәкірт те тәрбиеледі. «Мамбетов и К» КС бас директоры Еркебұлан Мамбетов Кеңес Одағы ыдыраған және еліміз Тәуелсіздік алған кезеңінде 5 жыл жаны жайсаң азаматтың қол астында еңбек етіпті. Нақтырақ айтсақ, баптаушы шебер, механик, инженер болып жұмыс істепті. Осылайша, мол тәжірибе жинап, 1998-ші жылы өзінің жеке кәсібін бастаған екен. Еркебұлан ағамыз биік белестерді бағындыруыма Қазақстанның Еңбек Ері сүбелі үлес қосты дейді.

Еркебұлан Мамбетов – «Мамбетов и К» КС директоры:

– Мен Генадий Ивановичке арнайы келіп, ақыл-кеңес сұрайтынмын. Ол әрқашан да уақыт тауып, барлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп беретін. Мысалы, бірде маған былай айтты. Еркебұлан, халықтың жағдайын ойласаң, ұрлық жасама, командиттік серіктестік аш деді. Жоспарым жүзеге асты. Оның барлығы – даңқты аграрийдің арқасы. Мен Геннадий Ивановичті ешқашан ұмытпаймын.

Айта кетейік, Геннадий Иванович 2016 жылдың 18-ші желтоқсанында өмірден озды. Көзі тірі болса азамат биыл 82 жасқа толар еді.

Култанов Байболат