Мәдениет

“Жылымық” атты қойылымның премьерасы өтті

“Жылымық”. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің әңгіме-новелласы сахналанды. Қойылым көрермендерге радиохабар ретінде ұсынылды.

Жанардың тумысынан көзі көрмейді. Бойжеткенге өзінен 10 жас үлкен жігіт ес-түссіз ғашық. Бастапқыда ер азамат ештеңеге қарамай барлық қиындыққа төзе алатындай көрінеді. Бірақ, уақыт өте оның Жанарға деген сезімі суып кетеді.

Айта кетейік, қойылым көрерменге көркем радиохабар түрінде ұсынылып жатыр.

Зағип жанның рөлін ұжымның жас актрисасы Жадыра Асқар сомдауда. Бойжеткеннің театр сахнасында өнер көрсетіп жүргеніне биыл – 2 жыл. Жадыраның сөзінше, зағип қыздың образына кіру оңайға соқпаған көрінеді.

Жадыра Асқар – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Мен үшін бұл ең қиын рөлдердің бірі. Кейіпкерім қанша қиындық көрсе де өмірмен күресе білетін батыл жан.

«Жылымық» атты әңгіме-новелланың авторы – жазушы-драматург Оралхан Бөкей. Тіршіліктің терең сырлары жайлы баяндалатын қойылымды өнер ұжымы театрдың лабораториясында қойған. Осылайша, көрермендерге өмірде орын алып жатқан алуан түрлі қиындықтарды жақынырақ көрсетуді жөн көріпті.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қоюшы режиссері:

– Біз бұл спектакльді Алматы қаласында қойған болатынбыз. Туынды бұл жолы жаңа сахнада қойылып жатыр. Көрермендердің көңілінен шығады деген үміттеміз.

Көрермендер 40 минут уақыттық қойылымды асқан қызығушылықпен тамашалады. Жиналған қауым актерлердің шеберліктеріне тәнті болғанын жасырған жоқ.

– Маған бүгінгі қойылымның тақырыбы ұнады. Қыз тағдыры туралы айтылған. Себебі, бұл – қоғамдық мәселелердің бірі. Театрға көп келмейтінмін. Актриса өте жақсы өнер көрсетті.

Айта кетейік, теріскейліктер «Жылымық» атты спектакльді С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында қаңтар айынан тамашалай алады.

Маржан Касымбек