МТРА жаңалықтары

Тәуелсіздік күні қарсаңында 30-дан аса жерлесіміз марапатталды

16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні. Еліміз үшін айтулы дата қарсаңында облыс орталығында салтанатты жиын өтті. Шара барысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов 28 жылдың ішінде жеткен жетістіктерді тізіп, 2019-ды қорытындылады.

1991 жыл 16 желтоқсан. Ел тарихындағы ең маңызды, ең айтулы дата. Дәл сол күннен отандастарымыз үшін жаңа дәуір бастау алды. Алайда, Қазақстанның аяққа нық тұру жолы оңайға соқпады. 94-те 130 ірі кәсіпорын жабылды, жұмыссыздар саны 2 млн-ға дейін жетті, ай сайын азық-түлік, киім-кешек бағасы 50 пайызға көтеріліп, бір жылдық инфляция 2 мың процентті құрады. Бүгінде бұны елестетудің өзі қиын. Елбасының сындарлы саясатының арқасында қазір республикамыз терезесі теңескен, дамушы мемлекеттердің қатарында.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тәуелсіздік жылдары елімізде экономикалық реформаларды жүргізуге баса назар аударылды. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көршілес елдермен шекарамыз белгіленді. Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің нәтижесінде Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.

Тәуелсіздіктің 28-ші жылы Қазақстан үшін берекелі болды. Аққайыңдар өлкесінде де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. 12 айдың ішінде атқарылған шаруаны облыс басшысы Құмар Ақсақалов жіпке тізді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан диқандар 5,1 млн тоннадан астам астық жинады. Алтын дәнді өңдейтін кәсіпорындар іске қосылды. Сүт-тауарлық фермалардың қатары тағы 4 заманауи өндіріс ошағымен толықты. Жыл оқиғасына айналған – «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы жұмысын бастады. Бүгінде оның қатарына өндіріс саласының алпауыттары саналатын Alageum electric пен Claas және көпбейінді аурухананың құрылысына жауапты YDA Holding компаниялары қосылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз елді мекендерде еңбектенетін жандардың жағдайын жақсартуға көп көңіл бөлудеміз. Солтүстікқазақстандықтардың 55 пайызы ауылда тұрады. Биыл 676 шақырымды құрайтын жол жөнделді. Селолықтардың 82 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылуға мүмкіндік алып отыр.

Ауылдағы ағайынның қамын жеп, жағдайын жасау үшін күн-түн демей еңбектенетіндердің бірі – Ақселеу серіктестігінің басшысы Серік Малаев. Аграрийдің кәсіпорны елімізбен бірге құрылып, бірге гүлденді деуге де болады. 31 жыл бұрын жұмысын бастаған өндіріс ошағы қазір іргелі агроқұрылымға айналды. Ал Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ковыльное селосы тұрғындарының өмірі шаһарлықтармен теңесті. Ауылдағы ағайын үшін лайықты жағдай жасап отырған Серік Малаев мереке қарсаңында «Парасат» орденімен марапатталды.

Серік Малаев – «Ақселеу» ЖШС директоры, «Парасат» орденінің иегері:

 – Біз ауылымыз шалғайда орналысқан. Сондықтан, халыққа жағдай жасау қажет. Бізде наубайхана, монша мен фитнес орталық бар. Қазір бүкіл үйлерге су мен жылы кіргізіп жатырмыз.

Ұлт саулығы – ең бірінші кезекте. Медицина саласындағы ілгері дамуды да айтпай кетуге болмайды. Ауруханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, ақ халаттылардың біліктіліктерін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Азамат Мағзұмов – облыстық кардиологиялық орталығының бас дәрігері. Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін ол «Құрмет» орденіне ие болды. Бүгінде емдеу мекемесінде 51 маман еңбектенеді екен. Ай сайын 2-3 ақ халатты алыс және жақын шетелге оқуға жіберіледі.

Азамат Мағзұмов – облыстық кардиологиялық орталығының бас дәрігері, «Құрмет» орденінің иегері:

– 10 жылда біз жүрек ауруының салдарынан болатын өлім себебін 3 есеге түсірдік. Жіті инфаркттен көз жұмуды 2,5 есеге дейін қысқарттық. Жылына 250-ге дейін ота жасаймыз. 800-ге жуық адамға жүрек стендін қоямыз.

Кезек «Шапағат» медальдеріне де жетті. Марапатқа лайық деп танылғандардың бірі – Қосман Дәуренбеков. Наградаға дәрігердің өзі ғана емес, барша нәзікжандылар қауымы мен олардың жұбайлары ырза. Ақ халатты маман 10 мыңнан аса ананың сәбиін аман-есен құшағына алуға себепші болған. Акушер-гинеколог қайсарлық пен нәзіктікті қатар талап ететін қызметте 26 жыл бойы еңбектенуде.

Қосман Дәуренбеков – облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы, «Шапағат» медалінің иегері:

– Мен кішкентай кезімде баланың туғанын көрдім. Ол кезде әйелдер жиі үйлерінде босанатын. Сол жүрегімде қалып, осы саланы таңдадым. Мамандығым өзіме ұнайды. 02-10/20 Мына шарада босандырып алған келіншектерді көріп жатырмын.

Сахна майталмандары да назарсыз қалмады. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов ҚР еңбек сіңірген қайраткері атанды. Ол мәдениет саласына өмірінің 32 жылын арнапты.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Экономиамыз нығайғаннан кейін мәдениет саласына көп көңіл бөлінді. Бұның барлығы – Егемендігіміздің арқасында.

Барлығы салтанатты жиын барысында еліміздің гүлденуіне сүбелі үлестерін қосып жүрген 30-дан аса солтүстікқазақстандық әр түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

 

 

 

Эльмира Садвокасова