Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құмар Ақсақалов отбасылық медицина орталығының жұмысымен танысты

Қолжетімді және келіп-кетуге жақын. Қаладағы Театральная көшесінің бойында отбасылық медицина орталығы халық игілігіне берілді. Қазіргі күні жаңа емдеу мекемесіне 10 мыңнан аса тұрғын тіркеліп үлгеріпті.

Жақын және қолайлы. №1 қалалық емхана жанынан ашылған отбасылық медицина орталығына 10 мыңнан аса адам тіркелген. Олар Ойқала шағын ауданы мен жақын маңда тұратын азаматтар және колледж студенттері. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы деді өңір басшысы. Өйткені, мұндай орталықтар емханалардағы ұзын-сонар кезекті қысқартады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындар үшін медициналық қызмет көрсетуді қолжетімді ету. Бұл – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жалпы, біз мұндай 3 орталық аштық. Алдағы уақытта тағы біреуін іске қосуды жоспарлаудамыз. Ғимарат бар. Қазір оны рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл орталықтың ашылуымен №1 қалалық емханадағы кезек 20 пайызға кеміген екен. Өңір басшысы дәрігерлердің қабылдауына келген тұрғындармен тілдесті. Айтуларынша, бұрынғыдай маманның бөлмесіне кіру үшін есігінің тұсында уақыт жоғалтпайды және келіп-кетуге де жақын.

Ал Гүлмайра Қайыргелдина Ойқала ықшам ауданында тұрады. Нәзікжанды бүгін баласын дәрігерге қаратуға әкеліпті. Оның айтуынша отбасылық медицина орталығы ашылғаннан кейін маманның көмегіне жүгіну жеңілдей түскен.

Гүлмайра Қайыргелдина – қала тұрғыны:

– Қараша айында осы орталыққа көшіп келдік. Бұл жер бізге ұнайды. Мысалы, мұнда талон алатын терминал бар. Бұрынғыдай кезекте кептелісіп тұрмаймыз.

Жаңа медициналық нысанда 6 учаске құрылған. Тұрғындарға жалпы 30-ға жуық жалпы тәжірибедегі дәрігер қызмет көрсетеді. Азаматтар орталықта процедуралық және екпе егу кабинеттеріне келе алады. Ал балалар үшін педиатрлық бөлімше жұмыс істейді.

Жаңа емдеу мекемесінде кезек талон арқылы реттеледі. Әрі дәрігердің қабылдауына мобильдік қосымша арқылы үйде отырып жазылуға да болады. Әр науқасқа электронды денсаулық құжаты жүргізіледі. Сондай-ақ, медициналық орталыққа 3 жаңа реанимациялық көлік берілген.

Тимур Сұлтанғазиев, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Көліктердің іші медициналық көмек көрсетуге қажетті барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Машиналарды сатып алу үшін 100 млн теңгеден аса қаржы жұмсалды. Жалпы, жыл соңына дейін қалаға қосымша «Hyundai» маркалы 18 реанимобиль әкелеміз.

Тағы айта кететін маңызды жайт, келесі жылы Береке ықшам ауданында да жаңа мециналық нысанның құрылысы бастау алады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан