Қоғам

Өңірде “Бақытты күн” қайырымдылық акциясы бастау алды

Жаңажылдық сиқыр. Өңірдің 4 ауданындағы балалар үйінің 200-ге жуық тәрбиеленушісі Аяз атаға хат жазыпты. Жеткіншектер одан ойыншық, кітап пен түрлі тоқаштар сұраған екен. Алайда, сыйлықтардың барлығына бірдей қаржы жетпеген көрінеді.

Бұл қапшықтарда балалар үйі тәрбиеленушілерінің армандары жазылған хаттар жатыр. Қыздар Жаңа жыл кешінде Аяз атадан әдемі көйлек пен сәнді шаш қыстырғыш сұраса, ұлдар жағы баскетбол добы мен спорттық аяқ киім сыйлауын өтініпті.

Наталья Апретова, “Бақытты күн” мерекелік агенттігі директорының орынбасары:

– Әр бала Жаңа жыл кешінде Аяз атадан сыйлық алғысы келеді. Біз олардың арманын орындау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Жеткіншектердің келер жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуларын қалаймыз.

Үстелдің үстінде 4 ауданнан 5 балалар үйінен жинап алынған 185 хат жатыр. Мамандар 106 жеткіншектің қалаған заттарын сатып алған. Алайда, қалғандарының сыйлығын әперуге қаржы жеткіліксіз. Осыны ескерген қайырымды жандар «Бақытты күн» атты акция ұйымдастырып отыр.

Наталья Апретова, “Бақытты күн” мерекелік агенттігі директорының орынбасары :

– Бізге солтүстікқазақстандықтардың қолдауы керек. Балалар Жаңа жыл кешінде өздерін жалғыз сезінгендерін қаламаймыз. Жеткіншектердің армандаған сыйлықтарын алуға ат салыссаңыздар. Көмек көрсетуге ниетті жандар заттай немесе қаржылай қолдау танытуларына болады.

Игі іске қолқабыс етемін деген мейірімді жандар «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына жүгіне алады. Сыйлықтар арнайы автобустың ішіне жинақталып, мереке күні балаларға таратылатын болады.

Маржан Касымбек