Құқық қорғау органдары

Өңір полицейлері марапатталды

Мереке қарсаңында өңірлік полиция қызметкерлері салтанатты жиын өткізді. Шара барысында маңдайалды мамандар марапатталды. Сондай-ақ, жұмысын асқан жауапкершілікпен атқарған 3 тәртіп сақшысының мерзімінен бұрын шені өсті.

Еліміз небәрі 28 жыл бұрын өз Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Мемлекеттің нығаюна ішкі істер органдары мамандарының қосқан үлесі – ұлан ғайыр. Полиция қызметкерлері күн-түн демей қоғамдық тәртіпті сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жауапты мамандық иелерін мерекемен облыс әкімінің атынан орынбасары Руслан Әлішев құттықтап, қызметтеріне жоғары баға берді.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

 – Біз үшін егемендік күні ерекше қымбат. Берекелі бірлігіміз мәңгі жасай берсін.

Қызметіне адал жандар қашан да мақтауға лайық. Мереке қарсаңында еңбегі еленгендердің бірі полиция майоры Руслан Сыздықов. Тәртіп сақшысы облыс әкімінің “Құрмет грамотасына” лайық деп танылды. Ол мыңнан астам қылмыстың бетін ашып, іс-түссіз жоғалған жүздеген адамды тапқан.

Руслан Сыздықов – Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы:

– Полиция қызметінде жұмыс істеп жүргеніме 11 жылдан асты. Қиын да жауапты мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Тәртіп сақшысының бойында Отанға деген сүйіспеншілік болса – ол елінің нағыз қорғаушысы. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тынбай еңбек етуді жалғастырамын.

Салтанатты жиын барысында құқық қорғау органы қызметкерлерінің жыл бойы атқарған шаруасы қортындыланды. Талап пен тәртіпті бәрінен биік қойып, аянбай еңбек етіп, терін төгетін мамандарға өңірдің бас полицейі Марат Төлебаев алғысын білдірді.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Тәуелсіздік еліміз үшін тарихи кезең. Мемлекетіміздің дамуын айқындайтын париотизм құндылықтарын сақтаймыз.

Сондай-ақ, қызметін асқан жауапкершілікпен атқаратын бірқатар мамандардың лауазымы өсті. Тайынша ауданының ПБ бастығының орынбасары Дәурен Ыбыраев «полиция полковнигі» шеніне мерзімінен бұрын қол жеткізді. Азамат жұмыс бабы кезінде белсенділік танытып, талай рет тұрғындардың алғысын алған.

Дәурен Ыбыраев – Тайынша ауданының ПБ бастығының орынбасары:

– Мен 2003-ші жылдан бастап ішкі істер органында жұмыс істеп келемін. Біздің басты мақұсатымыз халыққа қызмет ету.

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында полиция департаментінің қатары жаңа мамандармен толықты. 4 нәзік жанды мемлекеттік қызметке алынды. Олар ант қабылдап, алдағы уақытта жұмыстарын абыроймен атқаруға уәделерін берді.

Салтанатты жиында барлығы 80-ге жуық маманның еңбегі еленіп, түрлі марапаттар табысталды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Маржан Касымбек