Мәдениет

Қазақ мәдениетінің фестивалі өтті

Әуезді ән, мың мұралған би мен күмбірлеген күй. Бүгін облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында “Таңшолпан” атты қазақ мәдениетінің фестивалі өтті. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орайластырылған шараға 100-ден аса адам қатысып, өз өнерлерін паш етті.

Ерасыл Алпысбайдың таңдаған бағыты өз қатарластарынан мүлдем бөлек. Ол домбыраның құлағында ойнап қана қоймай, дәстүрлі әндерді де орындайды. Қазіргі таңда жас жігіт өз өнерін облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда көпшілікке паш етіп, жүлдері орындар иеленіп жүр екен.

Ерасыл Алпысбай – Өнер колледжінің студенті:

– Биыл қаламызда «AMANAT music» жобасы болды. Ол облыстық кезеңге қатысып, онда 1-ші орын алып Алматыға жолдама алдым. Республикалық сайыста бас жүлде иелендім. Енді наурыз айында халықаралық кезең болады.

Ортада – “Томирис” сән театрының қыздары. Бүгін он саусағынан бал тамған бұрымдылар көрермендерге өздері тіккен киім үлгілерінің 2 бірдей топтамасын ұсынып отыр. Мұндағы костюмдер көздің жауын алады. Олардың әрбіреуін дайындауға 1 ай көлемінде уақыт жұмсалады екен.

Алина Биденко – “Томирис” балалар сән театрының мүшесі:

– Бірінші топтама ұлттық нақышта тігілген көйлек және костюмдерден тұрады. Ал келесі топтамаға менің үстімдегі сынды шығыс халықтарының киімдері кіреді. Материалды әр жерден аламыз. Біздің қалада көбіне бола қоймайды. Сондықтан, керек заттарды шетелдерден тапсырыс арқылы алдыртамыз.

Айта кетейік, жерлестеріміз өз өнерлерін Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған “Таңшолпан” атты қазақ мәдениетінің облыстық фестивалінде көрсетіп жатыр. Қатысушылардың саны 100-ден асады. Олар Петропавлға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген.

Фестиваль аясында көрермендер жастардың сахнадағы өнерлерін ғана емес, акт залына кіреберіске қойылған “Менің Отаным”, “Алтын бесік” атты суреттер мен қолөнер бұйымдарының көрмесін де тамашалады.

Актолкын Солтанханкызы