МТРА жаңалықтарыҚоғам

Жас Өркен ықшам ауданында шағын орталық жұмысын бастады

Сондай-ақ, бүгін Жас Өркен ықшам ауданында жаңа шағын орталық жұмысын бастады. Ең қызығы, ол тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Енді жақын жерде тұратын азаматтарға балаларын балабақшаға апару үшін қаланың екінші шетіне сабылудың қажеті жоқ. Орталық 50-ге жуық бөбекке шақталған.

Шағын орталық жуырда ғана қолданысқа берілген мына көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Бұл – “Нұр-бөбек” балабақшасының филиалы.

“Отанымның гүлімін” деп былдырлаған бұл балақай – 4 жасар Дарина. Енді ол – осы шағын бөбекжайдың тәрбиеленушісі. Мұнда 2 мен 4 жас аралығындағы 44 балғын қазақ және орыс тілдерінде мектепке дейінгі білім алады.

Алма Кужракаева – “Нұр бөбек” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:

– Бөбектер күніне 4 рет тамақтанады, жатын бөлмелері бар. Айлық төлем баланың жасына байланысты 12 мың теңгеден басталып 16 мыңға дейін жетеді.

Айтпақшы, мұндағы балақайлардың 70-80 пайызы шағын орталық орналасқан үйде тұрады екен. Таяқ тастам жерде орын тепкен бөбекжайға ата-аналар қауымы дән риза. Гүлмира Латыпова да – осы баспана тұрғыны. Ол аталған балабақшада қазақ тілінен сабақ береді. Бұдан бөлек, 4 жасар ұлы Дидарды да осында орналастырған.

Гүлмира Латыпова:

– Ата-ана ретінде де, мұғалім ретінде де қуаныштымын. Өйткені, аязды күндері баланы қаланың басқа шетіне тасудың қажеті жоқ. Бірінші қабатқа түстің, баланы тәрбиешілердің қолына тапсырдың , еш алаңдамайсың!

Жаңа шағын орталыққа Тәуелсіздік күні қарсаңында аймақ басшысы қонақ болып келді. Әкім әдеттегідей оның ішін аралап шықты, жасалған жағдайға көңілі толатынын айтты. Ал балақайлар болса Құмар Ақсақаловты шағын концертпен қуантты.

Бөбектердің өнеріне риза болған өңір жетекшісі олармен естелік суретке түсті. Құмар Ақасақаловтың айтуынша қалада үйлер көптеп тұрғызылып жатыр. Олар тұрғындар үшін ыңғайлы болуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғызылған жаңа үйлердің бәрінде бірінші қабатта міндетті түрде осындай шағын орталық жасаймыз. Одан қалды кішігірім емханалар да ашуға әзірміз. Олардың бәрі осы бөбекжай сияқты жылы әрі жайлы болады.

Қазіргі таңда облыс бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балақайлардың барлығы балабақшаға барады. Ендігі мақсат – 2 жасар балғындардың түгелдейін бөбекжаймен қамту. Сондай-ақ, 2020-да білім беру нысандарын жөндеу жалғаспақ. Бюджетттен 3 млрд теңге бөлініп те қойған. Осы орайда балабақшалар да назардан тыс қалмайды деді облыс әкімі.

Саят Ермек