Білім

Шәкіртақының өсетіні өңір студенттерін қуантпай қоймады

Стипендия жуық арада өседі. Бұл жаңалық қазір ел аузында. Желтоқсаннның 10-ы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шәкіртақыны жаңа жылдан 25 процентке арттыруды тапсырды. Жаңашылдықтың / ел бойынша 130 мыңнан астам білім алушыға қатысы бар. Бұдан бөлек, колледждерде оқитын 100 мыңнан аса студент те назардан тыс қалмады.

Жоғарғы оқу орны студенттерінің шәкіртақысы елімізде соңғы рет 2016 жылы өсірілген еді. Содан бері 3 жыл бойы еш өзгеріссіз болды. Жуырда қазақстандық студенттер әлеуметтік желілердің бірінде Үкіметке петициямен жүгінді.

Саят ЕРМЕК – тілші:

– Жастар стипендия мөлшерін 2 есеге, яғни 40 мың теңгеге дейін арттыруды сұрады. Азық-түлік қымбаттауда, ал жатақханада тұру ақысы өсті. Шәкіртақы құнын арттыру қажеттілігін жастар осылай түсіндірді. Бұл жазба мыңдаған лайк пен комментарий жинады.

Екі күн бұрын елордада жастар жылының жабылу салтанаты өтті. Жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа жылдан шәкіртақыны өсіріңдер деп пәрмен берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ – Қазақстан Республикасының Президенті:

– С 1 января 2020 года поднять на 25 процентов стипендию студентов бакалавриата, магистратуры и докторантуры. В целом это коснется около 130 тысяч человек.

Президенттің бұл шешімін залдағы жастар үлкен қошеметпен қабылдады.

– Ал көпке созбай Білім және ғылым министрлігі шәкіртақының жаңа мөлшерін есептеп шығарды. Бұған дейін 20 мың 900 теңгені қанағат тұтып келген бакалавриат студенттерінің стипендиясы 5 200-ге өспек. Магистранттар шамамен 67 мың, ал докторантурада білім алып жатқандар 102 мың 500 теңге алатын болады.

Ал біз жергілікті университетке бас сұқтық. Мұнда қазір 7200 адам оқиды. 3 мыңнан астамы шәкіртақы алады. Бірі – Даяна Әскербек. Ол өзінің егіз әпкесі Айданамен бірге 2-ші курста, бір топта оқиды. Қыздар – болашақ бағдарламашылар. Ата-ана шаһардан 300 шақырым жерде, ауылда тұрады. Шама-шарқынша көмектеседі, бірақ сонда да кейде жетіңкіремей қалады дейді.

Даяна ӘСКЕРБЕК – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– 20 мың аламыз. Бұл стипендия біздің азық-түлікке және тазалық құралдарына кетеді. Қосымша біз бөлмеге Wі-Fі орнаттық. Сол себепті, қазіргі стипендиямыз тек қана қажет нәрселерге жұмсалады.

Жаспыз ғой, оқудан тыс уақытта сәл қыдырып, демалғымыз да келеді дейді қыздар. Бірақ, мүмкіндік аздау. Шәкіртақыға қосылатын үстемені қайда жұмсайсыңдар деп сұрағанда апалы-сіңілі былай жауап берді.

Даяна ӘСКЕРБЕК – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Далаға шығып, қыдырар кезде ақша үнемдеп отырамыз, жетпей қала ма деп қорқатынбыз. 5 мың қосылғасын өзімізге де ақша болады.

Бұл жігіттің аты – Қасымжомарт. Иә, тура Президенттің есіміндей. Айтуынша, Мемлекет басшысының шешімі оны да қуантпай қоймады. “Серпін”-мен Қазығұрттан білім қуып келген бозбала стипендияның өсуі студенттер үшін жақсы қолдау дейді.

Қасымжомарт ӘБДІМАНАП – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Студенттердің оқуға ынтасы пайда болады. Мысалы, өзімнің 25 мыңнан айырылып қалғым келмейді, сондықтан сабағымды жақсы оқитын боламын.

Бұл пікірмен өңірдегі университет басшылығы да келіседі.

Жанар ТАЛАСПАЕВА – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Қарны аш болса, жолда жүру қаражаты болмаса, әрине, студенттеріміз қосымша табыс табуға тырысады. Бұл олардың күнделікті келіп, сабақтарын алаңсыз оқуына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан, олардың шәкіртақыларының көбеюі – біз үшін де, студенттер үшін де қуанышты жағдай.

Саят ЕРМЕК – тілші:

– Қ.Тоқаев колледж студенттерін де назардан тыс қалдырмады. Еске салсақ, олардың шәкіртақылары осы өткен қыркүйекте 30 пайызға артқан еді, ал жаңа жылдан бастап тағы 25 пайызға өспек.

Осылайша, грант бойынша орта арнайы білім алып жатқан колледж студенттері айына шамамен 21 мың теңге алатын болады.

Саят Ермек