БілімБалалар

НЗМ студенттері киіз басуды үйренуде

Ал, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өзге студенттері ақ жаулықты әжелерімізден келе жатқан өнерді жалғауда. Білім ордасының ұл-қыздары қазір киіз басуды үйреніп жатыр. Жеміс-жидек, ойыншықтар, киім-кешек, кілем мен картина. Аталғанның барлығын жас қолөнершілер қойдың жүнінен жасайды.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің дәліздерімен жүре берсең назарың еріксіз қолөнер бұйымдарына ауады. Қабырғаларға ілінген мына суреттерден көз алу мүмкін емес. Бірінде – сұлу табиғат, екіншісінде тарихтан сыр шертетін көріністер бейнеленген. Ерекшелігі де сол қанық түсті картиналардың барлығы гуашь, акварель мен қарындашпен емес, қойдың жүні, яғни киізден жасалып, өрнектелген.

Бұрыннан ақ жаулықты әжелерімізден келе жатқан өнерді бүгінде білім ордасының әрбір студенті жақсы меңгерген екен. Ұлттық құндылығымызға деген махабатты ұл-қыздарға Айжан Даирова ұялатуда. Мұғалімнің сөзінше, жүннен киім де, жамылғы да, кілем де әзірлей білген әжелеріміз қолөнердің жұрнағын ұрпағына ақ сүтімен берген. Яғни, гендік деңгейде дарыған дүниені сезінбей жатсақ та бірте-бірте ден қойып, тырысса, киіз басуды ұршықша иіріп әкетуге болады екен.Сол себепті, оқытушы шәкірттерін ең алдымен ұлттық өнердің тарихымен таныстырады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Киіз басуды аз ғана уақыттың ішінде толықтай меңгеру оңай шаруа емес. Алдымен негізгі техникаларын үйрену қажет. Кейін ғана мынадай картиналарға ден қоюға болады. Алайда, бұл менің қанымда болу керек, маған шаруа қиынға соқпады.

Техникасымен танысқанымен, инемен жұмыс жасауда сәл сенімсіздік таныттым. Құрал өте сынғыш келеді. Сондықтан, оны киізге ұқыпты әрі дәл қадау қажет. Мәдина Қасенова мұндай қиындықтарға бүгінде кезікпейді де. Киіз басуға деген қызығушылық студенттің бойында осыдан 3 ай бұрын пайда болыпты. Алғашында бұрымды жүннен жеміс-жидектің пішінін жасаған екен. Енді табиғаттың әдемі көріністерін бейнелеуде.

Мәдина Қасенова – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Менің картинам “Қыс” деп аталады. Ол пейзаж түріне жатады. Мен жылы түстерді қолдандым. Екі апта бойы осы суретті жасап жатырмын. Келесі аптада бітіремін.

Жеміс-жидек, ойыншықтар, киім-кешек, кілем, тіпті қалпақ пен әшекейлер. Пластилин іспеттес бұл материал қиялыңдағы кез келген дүниені үлгілеуге мүмкіндік береді.

Айжан Даирова – Химия-биология бағытындағы НЗМ жүнмен кескіндеу үйірмесінің жетекшісі:

– Мектеп ашылғалы бері үйірме қосымша пән ретінде жұмыс істеді. Студенттер тарапынан қызығушылықтың артқанын көргеннен кейін киіз басуды сабақ жоспарына енгіздік. Қазір 7-ші сыныптың білім алушылары басқа пәндермен бірге қолөнердің осы түрін де үйреніп жүр.

Жоғарғы сыныптың оқушылары да сабақтарының көптігіне қарамастан киіз басудан қол үзіп қалмақ емес. Өнерлі әрі епті өрендер ата-бабамыздан қалған құндылықты ұлттық брендке айналдыруға ниетті.

Эльмира Садвокасова