Мәдениет

НЗМ студенттері халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды

«Шалқыма» домбырашылар ансамблі мен «Derois» (Дэғуа) акапелла тобы топ жарды. Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенттері «ASTANA MUSIC FEST»7-ші халықаралық жасөспірімдер байқауында екі бірдей номинацияда өнер көрсеткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 200-ге жуық өнер ұжымының арасынан солтүстікқазақстандық оқушылар үздік атанды.

«Шалқыма» домбырашылар ансамблі үшін бұл халықаралық дәрежедегі алғашқы жүлде емес. Өнер ұжымы осыған дейін де 1-ші орын мен гран-приді талай рет жеңіп алған екен. Ал «ASTANA MUSIC FEST» халықаралық байқауына өнер ұжымы бар-жоғы екі аптаның ішінде дайындалыпты. Сайысқа ансамбль «Секіртпе» күйін лайық деп таңдаған екен. Дұрыс жасалған шешім мен балалардың өнерінің арқасында тағы бір жеңіске қол жеткен. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан аспаптарда ойнайтын 40-қа жуық ұжымның арасынан «Шалқыма» тобы суырылып шығып, бас жүлдеге ие болды.

Ал «Derois» тобы үшін аспап қажет емес. Кез келген әсем әуенді балалар өз дауыстарымен-ақ келтіре алады. Өнер ұжымы 2017-нің қараша айында құрылған. 2 жылдың ішінде талантты да талапты балалар 15 әнді өз репертуарларына қосыпты. Ең әсерлісін «ASTANA MUSIC FEST» халықаралық байқауында қазылар алқасының назарына ұсынған. «1944» деп аталатын ағылшын және Қырым татарларының тіліндегі ән Ұлы Отан соғысы жылдарындағы депортацияның салдары туралы баяндайды.

Дариға Макенова өнерлі отбасыдан шыққан. Ән мен күйге деген махаббат бұрымдыға анасының бесік жырымен дарыған екен. Кішкентайынан музыкаға әуестенген ол бүгінде домбыра мен акапелланы қатар алып жүр. Халықаралық байқауда ол екі бірдей өнер ұжымының атынан қатысқан.

Дариға Макенова – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Акапелланың ерекшелігі бізде битбокс бар. Тағы біз фортепианоның дыбысын сала аламыз.

Бұнымен “Шалқыма” домбырашылар ансамблі мен «Derois» акапелла тобы тоқтап қалмақ емес. Репертуарды толықтырып, өзге де байқауларға қатысамыз деп отыр.

Эльмира Садвокасова