МТРА жаңалықтарыҚоғам

Ғасырларға тең дәуір

Ғасырларға тең дәуір. Бүгін осындай атаумен облыс орталығында дөңгелек үстел жиыны өтті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға Ұлттық ұлан Әскери институтының курсанттары қатысты. Отан қорғаушылар еліміздің тәуелсіздік алғанға дейінгі бастан өткерген оқиғалары жайлы баяндама оқып, тарихқа көз жүгіртті.

Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ елі қаншама қиындық көрді. Ұшқан құстың қанаты талған, шапқан тұлпардың тұяғы тозған кең-байтақ жерді ата-бабамыз жанымен қорғап қалды, бірақ бұл даланы жауға бермеді. Ендігі жастардың міндеті – атадан аманат болып қалған жерді сақтап, тәуелсіздіктің тұғырын одан әрі нығайту. Сол үшін өскелең ұрпақ білімді, патриот болуы керек. Жиында сөз алған Отан қорғаушылар ең алдымен жас жеткіншектер өткен күннің тарихын біліп өсулері керек деді.

Бекасыл Тұрсынбек – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Жастарға айтарым, олар әрқашанда өз Отанын сүйіп, қазақ екенін ұмытпай және ата-анасын сыйлап, оқу оқып, білімді болулары керек.

Әр қазақтың баласы ата дәстүрді бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды біліп өссе, тәуелсіз мемлекетіміз мәңгі жасайды. Өйткені, ана тілі мен мәдениетін сақтай білген елдің әрқашанда тұғыры биік болары сөзсіз. Отырыста бас қосқан сарбаздар Отан мен Тұңғыш Президент жайлы өздерінің жүрекжарды туындыларын жазып әкеліпті.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 28 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде мемлекетіміз көп жетістікке жол жеткізді.

Олег Синяков – Конфессияаралық қарым-қатынастарды сараптау және дамыту орталығы бөлімінің сарапшы-талдаушысы:

– Аз уақыттың ішінде Қазақстан өзіндік дара даму жолына түсті. Барлық салалар бойынша белгіленген межелерге қол жеткізді. Ендігі міндет мемлекетімізді ең озық 30 елдің қатарына енгізу. Ол үшін келер ұрпақ жақсы білім алып, еңбек етулері қажет.

Сондай-ақ, жиында еліміздің тәуелсіздік алған жылдардан бергі жеткен жетістіктері мен Елбасының еңбегі сараланды.

Бердимурат Баймухан