Спорт

Жерлесіміз грэпплингтен ел кубогінің жеңімпазы атанды

Желтоқсанның 7-сі мен 8-і күндері Нұр-Сұлтан қаласында грэпплингтен чемпионат өткен болатын. Байрақты бәсекеде еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған жүздеген спортшы ҚР кубогін сарапқа салды. Дүбірлі додада 66 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз.

Бұл кадрлар елордада жасалған. Боз кілемде – жерлесіміз Өмірхан Қанжігітов. Ол нұр-сұлтандық қарсыласымен күш сынасып жатыр. Бастапқыда қос спортшы да ашық айқасқа шықпай сақтық танытып, бір-бірінің қимылы мен осал тұстарын зерттеген секілді болды. Белдесу кезінде Өмірханға ұтымды сәт туды. Ол қарсыласын құлатып, алқымынан алды. Білекті жігіт осылайша тұншықтыру әдісімен, нұр-сұлтандық спортшының уысынан жеңісті жұлып алды.

Өңір намысын қорғаған азамат сайыста 4 кездесу өткізіпті. Олардың үшеуін уақытынан бұрын аяқтаған. Ал соңғы қарсыласын ұпай саны бойынша жеңген екен.

Өмірхан Қанжігітов – грэпплингтен ҚР кубогінің жеңімпазы:

– Финалдық кездесуде Нұр-Сұлтан қаласының өкілімен кездестім. Бұл кездесу, әрине, қиындау болды. Бірақ, өзімнің функционалдық дайындығыма байланысты жеңіске жеттім.

Грэпплинг – күрестің барлық түрін қамтитын спорт түрі. Яғни, оған дзюдо, самбо, джиу-джитсу, еркін және грек-рим күрестерінің элементтері кіреді. Өмірхан грэпплингпен 5 жыл айналысады екен. Жаттығуға күніне 3-4 сағат бөліп отырамын дейді. Осындай қажырлы еңбектің арқасында солтүстікқазақстандық жігіт жеңіс тұғырынан көрінді. Оған ҚР спорт шебері атағы берілді.

Өмірхан Қанжігітов – грэпплингтен ҚР кубогінің жеңімпазы:

– Спортта үлкен жетістікке жеткім келеді. Солардың бірі – Халықаралық турнирлерде жеңіске жету.

Жерлесіміз бұл жеңіспен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта биік белестерге қол жеткізіп, Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытуға үлес қосамын деп отыр.

Дана Ешкенова