БалаларҚоғам

“Жас өнертапқыштар” фестивалі өтті

“Күлді қолданудың лайфхактары”, “Ақылды жылыжай” және “Жол талғамайтын көлік”. Оқушылар сарайында “Жас өнертапқыштар” фестивалі өтті. Сайысқа қала және аудандық мектептердің оқушылары қатысып, барлығы 50-ге жуық жоба ұсынды.

Арман Қанашев Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 4-ші сыныбында оқиды. Жеткіншек «Күлді қолданудың лайфхактарын» ұсынбақшы. Жанған көмірдің қалдығынан мынадай құрылыс материалдарын әзірлеп әкеліпті. Арманның сөзінше, құрамына күл қосылып жасалған кірпіштің қолдану мерзімі ұзақ әрі жылуды жақсы сақтайтын көрінеді.

Арман Қанашев – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Біз жер үйде тұрғандықтан қыста күл көп жиналады. Біз соларды әкемен кәдеге жаратуды шешетік.

Мұнда табиғи материалдардан жасалған жұмыстар қойылған. Адамның көзін бірден өзіне аударатын арнаулы ыдыстағы дүниелерді балалар өздері ойлап тауыпты. Шыны құтының ішіне топырақ салынып, гүл егілген. Ерекше сән беріп тұрсын деп түрлі түсті ұсақ тастармен де көмкеріліпті. Балалар бұндай бұйымды сыйға тартуға немесе әдемілік үшін бөлмеге қоюға болады дейді.

Бұл – жол талғамайтын көліктің кішірейтілген үлгісі. Машина кедір-бұдыр жолар мен тайғақ жерлерде еркін қозғалады. Әрі қауіпсіздігі жан-жақты қарастырылған.

Қатысушылар өздері әзірлеген жобаларын қазылар алқасының алдында қорғап жатыр. Константин Сергеев «Ақылды жылыжай» деп аталатын еңбегі жайлы баяндауда. Заманауи дүние адамның көмегінсіз жұмыс істейді. Онда жыл бойы жеміс-жидек, көкөніс пен гүл өсіруге болады. Өсімдіктер автоматты түрле суарылып, жылыжайдың ішкі температурасы өздігінен реттеліп отырады.

Константин Сергеев – Новопокровка орта мектебінің оқушысы, Шал ақын ауданы:

– Менің жобамда бүкіл үрдіс автоматтандырылған. Яғни, адам өсімдіктерді күтіп-баптау үшін сағаттап уақытын жоғалтпайды. Мәселен, көкөністерді суару қажет болса, белгілі бір уақытты көрсетіп кетесіз. Дәл сол мезетте су жүйесі іске қосылады. Ал жылыжайдағы ауа температурасы өздігінен бақыланып отырады.

«Жас өнертапқыштар» фестивалі облыс орталығында осымен 2-ші рет өткізіліп жатыр. Былтыр сайысқа 25 жоба ұсынылған болса, биыл олардың саны екі есеге артқан. Оқушылар байқауға 50-ге жуық жұмыс әзірлеп әкеліпті.

Нүрзия Майлина – Оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Фестивальге қала мектептерінен бөлек, аудандарда білім алатын оқушылар да қатысады. Биылғы сайыста 60-қа жуық бала бақ сынап жатыр. Жеткіншектер дайындаған әр жобаның өзіндік мән-мағынасы бар.

Айта кетейік, «Жас өнертапқыштар» фестивалінде 2-ші мен 3-ші орын алған балалар мақтау қағаздарымен марапатталады. Ал ең үздік авторлар түрлі республикалық сайыстарға жолдама алады.

Маржан Қасымбек