МТРА жаңалықтарыҚоғам

Тимирязев ауданында атқарылған шаруа қорытындыланды

Мал шаруашылығында өсім бар, жолдардың жағдайы да жақсаруда. Ал медицина саласында әлі де кадр жетіспеушілігі байқалады. Бұл жайында журналистерге Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесов мәлімдеді. Ол осы қызметке үстіміздегі жылдың ақпан айында тағайындалған болатын.

Ауданның негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан, Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесов есептік баяндамасын осы саладан бастады. Аудандағы биылғы орақ науқанындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты аграрийлер бір гектар жерден 5 центнерге дейін өнім жоғалтқан.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Жалпы, биыл ауданымызда 320 мың тонна астық жиналды. Дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы 15,4 центнерді құрайды. Ал майлы өнімдердің берекелігі 7,4 центнер болды. Орақ науқанында 20 мың тоннаға жуық ырыздықты қамбаға құйдық.

Ал енді мал шаруашылығына келейік. Мұнда аудан тұрғындары жақсы жетістікке қол жеткізген. Мысалы, 11 айда 3 мың тоннаға жуық ет өндіріліпті. Тауар экспортталып жатыр. Биыл тимирязевтіктер “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасы аясында 12 тонна өнімді сыртқа саудалаған екен. Бұның барлығы – ауылда қысы-жазы тер төккен жұмысшылардың еңбегі. Ауданда кадр жетіспеушілігі сынды мәселе бар. Қазіргі күні мұнда 14 дәрігер мен 64 медицина қызметкері жұмыс істейді. Дегенмен, әлі де мамандар қажет.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Біздің ауданда жас мандарды еңбекпен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда 10 дәрігер қызметке келді. Алайда, әлі кардиолог, эпидемиолог және невропатолог сынды дәрігерлер керек.

Тағы, Нұрлан Кеңесов аудандағы жолдардың жағдайына да тоқталды. Биылғы жылы Тимирязевте облыстық және аудандық маңызы бар ондаған шақырым жол күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өткен екен. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады деп сендірді аудан әкімі.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Биыл Белоградовкаға дейінгі облыстық маңызға ие жол күрделі жөндеуден өтті. Іске 16,2 млн теңге бағытталды. Тағы, Мичурино ауылына апаратын тас жол орташа жөндеу көрді. Шаруа 450 млн теңгеге тындырылды. Жалпы, екі жыл ішінде аудандағы жолдардың жағдайын 73%-ға дейін жақсартуды көздеп отырмыз.

Жиын соңында Тимирязев ауданының әкімі ауыз судан тарыққан ауылдардағы мәселені көп ұзамай шешуге уәде берді. Себебі, бұл проблема тұрғындар арасында әлі де өткір тұр.

Дана Сәлімқызы