МТРА жаңалықтары

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының форумы өтті

Бейбітшілік, бірлік, келісім – рухани жаңғырудың негізі. Бүгін осындай атаумен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының форумы өтті. Жиында жыл бойы атқарылған шаруалар тілге тиек болып, 50-ден аса белсенді жан құрметке бөленді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі этносаралық келісімді сақтау мен нығайтуда ерекше рөлге ие. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев сөз алды. Ол жиылған қауымды өңір жетекшісінің атынан алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Тәуелсіздік мемлекеттің қалыптасуы мен өсіп, өркендеуінде маңызды рөл атқарады. Оны сақтау және тұғырын берік ұстау – әр қазақстандықтың асыл парызы. Қазіргі күні елімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл да біз қол жеткізген тәуелсіздік пен Елбасымыздың жүргізіп жатқан сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып отыр.

Сондай-ақ, өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосып, әлеуметтік істерде белсенділік танытып жүрген бірқатар азамат марапатталды. Оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан награда берілді. Және өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты табысталды. Марапатталғандардың қатарында әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы Чингиз Курбанов та бар. Азамат «Бірлік» медаліне ие болды.

Чингиз Курбанов – “СҚО әзірбайжан мәдениеті орталығы” ҚБ төрағасы:

– Біздің этномәдени орталық 95-ші жылы құрылған. Еліміздегі татулық пен тұрақтылықты нығайту жолында өзіміздің үлесімізді қосып келеміз. Ұранымыз да «Күш – бірлікте» деп аталады. Еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқан Елбасымызға үлкен алғысымды білдіремін.

Бүгін қошеметке бөленіп жатқан жандардың қатары көп болды. Муниципалдық телеарнаның тілшісі Алёна Хан медиацияның дамуы тақырыбында материал әзірлеген екен. Әріптесіміздің шығармасы облыстық «Шаңырақ» байқауында үздік деп танылып, облыс әкімінің атынан дипломмен марапатталды.

Алёна Хан – МТРА тілшісі:

– Байқаудың ұйымдастырушыларына өңіріміздегі медиацияның дамуы жайлы әзірлеген сюжеттерімді жолдадым. Бүгін, міне көпшілік алдында қошеметке бөленіп отырмын. Жұмысымды жоғары деңгейде бағалағандарына ерекше қуанып тұрмын.

Ал 10-шы сынып оқушысы Мусатдин Турсунов «Мың бала» республикалық байқауында топ жарған. Жерлесіміз конкурста Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқыпты.

Мусатдин Турсунов – оқушы:

– Бала кезімнен қазақ ақындарының өлеңін жаттап өстім. Байқауда өңіріміздің тумасы Мағжан Жұмабаевтың туындысын мәнерлеп оқып, қазылардың оң бағасын алдым. Менің ойымша, әр қазақстандық азамат қазақ ақындарының өлеңін оқып, біліп жүрулері керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қайырымды істерге де белсене ат салысып тұрады. Биыл олар жыл басынан бері өңірдің көмекке мұқтаж тұрғындарына 52 млн теңге көлемінде жәрдем берген. Жаны жайсаң жандар мұндай іс алдағы уақытта тағы жалғасын табады дейді.

Бердімұрат Баймұқан