БалаларМәдениет

Оқушылар жергілікті жазушылардың жаңа шығармаларымен танысты

Жас буынға Михаил Аверин атындағы жергілікті әдеби бірлестіктің мүшелері жаңа кітаптарын таныстырды. Шара С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті.

Михаил Аверин атындағы әдеби бірлестік 1992 жылы құрылған. Ұйымға жергілікті жазушылар мүшелік етеді. Солардың бірі – Оксана Ефремова. Жастайынан қалам мен қағазды серік тұтқан шығармашыл жан бүгінде бірнеше жинақтың авторы атанып отыр. Нәзікжандының әдеби бағытта 2 кітабы жарық көрген екен.

Оксана Ефремова – жазушы, М. Аверин атындағы әдеби бірлестігінің мүшесі:  

– Бірінші кітабым “Интроверций” деп аталады. Бұл – өлеңдер мен прозалардың жинағы. Ал екіншісіне “Векторы” деген атау бердім. Ол баспадан биыл ғана шыққан. Мұнда менің түрлі жанрдағы шығармаларым топтастырылған. Яғни ертегілер, өлеңдер мен мақалалар да кездеседі.

Бірлестікке ақынжанды жастар да мүшелік ете алады. Мәселен, ұйым құрамында 16 жастағы Илья Филин деген дарын бар. Ол биыл өзінің шағын кітабын жарыққа шығарған. Жазушылар осындай талантты жастарды тілге тиек етіп, оқушыларға үлгі ретінде айтты.

Карина Земская – Бірінші гимназияның оқушысы :

– Осы шараның арқасында мен көптеген жерлес жазушыларымыздың туындыларымен таныстым. Өзіме қиыл-ғажайып, сиқыр туралы жазылған шығармалар ұнайды.

Шара соңында жазушылар оқушыларға өз кітаптарын тарту етті.

Актолкын Солтанханкызы