Бизнес және экономика

800-ден астам солтүстікқазақстандық бизнестің қыр-сырын меңгерді

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 800-ден астам солтүстікқазақстандық оқытудан өтіпті. Осы күні олардың 20 пайызға жуығы жеке кәсіптерін ашқан немесе дамытқан екен. Бүгін іскерлік саланың қыр-сырын меңгеруге ниетті жандардың соңғы легі курстарды бастап кетті. Олар 2 күн бойы білімдерін толықтырып, арнайы сертификатқа қол жеткізбек.

Қала тұрғыны Марина Колий біраз жылдардан бері бизнеспен айналысады. Ол шаһардағы сауда үйлерінің бірінде ер адамдарға арналған киім сатады екен. Нәзікжанды алдағы уақытта өзге кәсіп түрін қолға алғысы келеді. Сол себепті, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқыту курсына жазылыпты. Бүгін ең алдымен маманның ақыл-кеңесін тыңдауда.

Марина Колий – қала тұрғыны:

– Мен мұнда тәжірибемді арттыру мақсатында келдім. Бизнес-тренердің айтқандарын мұқият тыңдап отырмын. Болашақта өндіріс саласында еңбек етсем деймін. Құрылыс материалдарын жасап, сатқым келеді. Бұл іс әлдеқайда тиімді. Өйткені, нысандарды тұрғызуға, безендіруге керекті заттар -үнемі халық сұранысында.

Бүгін жалғыз Марина Колий емес, жиырмадан аса маман бизнес-тренердің дәрісін тыңдауда. Оларға Елена Коняхина түрлі тақырыптарда білген-түйгенін әңгімелеп жатыр. Мәселен, білікті маман залға жиналған жандарға нарыққа анализ жасау, қаржыны тиімді жұмсау, заңгерлік мәселелерді реттеу сында бағыттарды түсіндіруде.

Елена Коняхина – СҚО кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері:

– Бүгінгі курсымыз “Экспресс-курс” деп аталады. Мұнда қатысушылар 2 күн оқытудан өтеді. Осы уақыттың ішінде түрлі бағыттарға тоқталып, көптеген сұрақты талқылаймыз. Шара соңында қатысушылардың барлығына арнайы сертификат беріледі. Сол құжат бойынша адамдар қаржы ұйымдарына жүгініп, несие ала алады және мемлекеттік грантқа үміт арта алады.

Жалпы, жыл басынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 800-ден аса солтүстікқазақстандық оқытудан өтіпті. Бүгінгі күні олардың 20 пайызға жуығы өздерінің жеке кәсіптерін ашыпты немесе әрмен қарай өркендетіпті. Көрсеткіш жаман емес. Түлектер түрлі қаржы ұйымдарына жүгіне алады. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына келуге мүмкіндік бар. Мұндағы мамандар әрбін жанға көмек көрсетуге әзір.

Арман Менжесаров – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚО бойынша бас менеджері:

– “Даму” қорына жүгінген адам “Еңбек” бағдарламасы бойынша несие ала алады. Біз аталған жоба аясында 5 жылға 6500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қарыз береміз. Бұл ақшаны кез келген іске жұмсауға болады. Жыл басынан бері 55 адамның өтінішін қабылдап, мақұлдадық. Оларға 681 млн теңге несие берілді.

Жақында 2 жерлесіміздің өтініші мақұлданыпты. Оларға да алдағы уақытта несие берілетін болады.

Байболат  Култанов