Мәдениет

Облыстық кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры 400-ден астам жаңа кітаппен толықты. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтің ел тарихы және Елбасының жүргізген сындарлы саясаты жайлы жазған еңбектері бар. Сондай-ақ, адамды ынталандыру бағытындағы заманауи шығармалар да кездеседі.

«Кітап – білім бұлағы» деп бекер айтпаса керек. Үстелдің үстіне тізіліп қойылған түрлі кітаптардың ішінде мұхиттай терең білім жатыр. Мәселен, мұнда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев пен Фариза Оңғарсынованың қаламынан шыққан жинақтарды тамашалауға болады. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтің Елбасының жүргізген сындарлы саясаты және ел тарихы туралы кітаптары да бар. Одан бөлек, өңіріміздің өткені мен бұрынғы тұрғындары жайлы баяндалатын жазбалар да ұсынылған.

Кітап кімнің болсын білімділікке деген құштарлығын дамытуға көмектеседі. Адамға рухани азық беретін туындылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Елорда тұрғыны Перизат Утебалиева Петропавлда іссапармен жүр екен. Білімге құштар жан келе сала бірден облыстық кітапханаға бет бұрыпты. Нәзікжанды өзі сүйіп оқитын шетел авторларының туындыларын бір шолып шықты.

Перизат Утебалиева – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Көрме өте қызықты. Жаңа кітаптар келіпті. Заманауи авторлардың кітаптары көп екен.Электрондық кітаптарға қарағанда көзбен көріп, қолмен ұстап оқығанның маңызы зор.

Ал Петропавл тұрғыны Наурыз Ахметбек Сергей Есениннің шығармаларын оқып жатыр. Ағамыз қолы босай қалса бірден осында келеді екен.

Наурыз Ахметбек – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Интернеттен тек ақпарат алуға болады. Бірақ, ондай қысқа мәліметтермен біліміңді толықтыра алмайсың. Осы орайда жастарға айтарым, ғаламтор бетін парақтай бермей, бір сәтке кітап әлеміне үңілу керек. Рухани азық осында.

Облыстық кітапханаға осы жолы 400-ден астам кітап келіп түскен. Бір ерекшелігі, көрмеде жаңа авторлардың адамды ынталандыру бағытында жазылған шығармалары көптеп кездеседі. Одан бөлек, балалар мен мектеп оқушыларына арналған ағылшын тіліндегі туындылар да бар.

Кенжегүл Құсайынова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханашысы:

– Бұл облыстық кітапхана болғандықтан оқушылар мен студенттерге де жағдай жасалынған. Оларға қажетті материалдардың бәрі бар. Оқимын деген оқырмандарға есігіміз қашан да ашық.

Облыстық кітапханаға жаңа келіп түскен кітап тар көрмесі 3 күн бойы өтеді.

Маржан Қасымбек