Құқық қорғау органдары

«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы

Өңірде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аяқталды. Қараша айының 25-сінен бері өткізілген шара барысында тәртіп сақшылары үйлерді аралап, тұрғындармен кездесіпті. Нәтижесінде 730 адам тексеріліп, олардың 200-ден астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Акция аясында жергілікті тәртіп сақшылары үй-үйді аралады. Учаскелік полиция инспекторлары тиісті мекенжайларды тексеріп, есепте тұрған азаматтармен кездесті. Полицейлер олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Өздерінің байланыс телефондарын берді.

Асхат Еменалин – Петропавл қалалық ПБ ЖПБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы:

– Аталған іс-шараның басты мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту және жолын кесу. Ана мен баланы қорғау, қоғамдағы рөлін нығайту болып табылады.

Рейдтер, флеш-мобтар мен кездесулер. Полицейлер «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында түрлі іс-шаралар өткізді. Шара барысында ересектерден бөлек, балалар арасында да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары мектепке барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырды. Мұнда маскүнемдік пен нашақорлықтың зияны және үйде зорлық-зомбылық орын алған жағдайда қайда жүгіну керектігі жайлы айтылды.

Богдан Гусев – оқушы:

– Бүгінгі жиын пайдалы өтті. Бізге отбасындағы келеңсіз жайттардың қалай алдын алуға болатыны туралы жан-жақты ақпарат берілді. Жанұяда жанжал туындамас үшін адамдар мәселені сабыр сақтап, саналы түрде шеше білгендері жөн.

Акция аясында 700-ден астам адам тексерілген. Оның ішінде 207 адам түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілікке жауапкершілікке тартылды. Өз кезегінде полицейлер үйдегі зорлық-зомбылық фактілері туралы қалалық полиция басқармасының телефон нөмірлеріне хабарлауға болатынын еске салады. Сондай-ақ, жәбір көрген нәзікжандылар «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің дағдарыс орталығына жүгіне алады.

Бердимурат Баймухан