Аптадағы маңызды жаңалықтар

Депутатқа сауалды үйде отырып жолдауға болады

Жолдың жағдайы, ауыз судың сапасы. Бұл – өңір тұрғындарын жиі толғандыратын мәселелер. Енді, оны депутаттарға жеткізу үшін қабылдауға жазылып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Өңірлік ІТ-мамандар арнайы мобильдік қосымша әзірледі. Ол арқылы тұрғындар көкейіндегі сауалды халық қалаулыларына үйде отырып-ақ жолдай алады.

Әлеуметтік желілерде адамдардың көбінесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне елеңдеп жататынын байқауға болады. Дәл осы тақырып турасында жарияланған материалды жиі қарайды, астына өзінің пікірін қалдырады, тіпті болмай жатса “лайкін” басып кетеді. Сарапшылардың айтуынша, тұрғындар толғандырған мәселелерін ғаламтор кеңістігіне шығарғанда блогерлер тарапынан қолдау іздейді. Десе де, өзекті сұраққа жауап алу үшін тікелей билік өкілдеріне жүгіну керек дейді. Осы ретте өңірдің IT мамандары әзірлеген мобильдік қосымша екі арада көпір болмақ.

Денис Самохин, мобильдік қосымшаны әзірлеуші:

–  Жаңа қосымша арқылы депутаттар жергілікті жердегі проблемалар туралы көбірек білетін болады. Қазір бұл пилоттық жоба ретінде ұсынылып отыр. Егер жаңашылдық тұрғындарға ұнап жатса, онда оның ауқымын кеңейтеміз. Алдағы уақытта бағдарламаны басқа да аймақтарда қосу жоспарда бар.

Мобильдік қосымшаны жүктегеннен кейін кез келген өңір тұрғыны өз аумағының депутатымен тікелей байланысқа шығып, сұрақ қоя алады. Ол үшін тек аты-жөні, ЖСН мен үйінің мекенжайын енгізсе болғаны. Сондай-ақ, бағдарлама арқылы депутаттар қандай іс атқарды және халықтың мәселелері қалай шешіліп жатқаны жайлы мониторинг жүргізуге болады.

Юрий Белоног, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Бұл мобильдік қосымшаны әзірлеу идеясының өзі Президент жариялаған “Тыңдайтын мемлекет” концепциясы аясында пайда болды. Бұл сайлаушылар мен депутаттар арасындағы байланысты күшейтеді. Осылайша халық қалаулылары жұрттың көкейіндегі сауалдардың барлығынан хабардар болып отырады.

Sko.депутат – Қазақстанда мәслихат депутаттары қатысатын жалғыз мобильдік қосымша. Бағдарламаны құрастыру үшін жергілікті мамандар бір айдан астам уақыт жұмсапты. Қазір оны Андройд платформасында жұмыс істейтін құрылғыларға жүктеуге болады. Жақын арада iOS жүйесіндегі смартфондарға да қосылады.

Бердимурат Баймухан