МТРА жаңалықтарыҚоғам

Жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған форум

Желтоқсанның 9-ы – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні. БҰҰ бекіткен айтулы датада ауқымды облыстық форум өтті. Оның барысында парақорлықты түп-тамырымен жою жолында өлкеде атқарылып жатқан жұмыс пысықталды. Нәтиже жаман емес, қазір облысымыз жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің тізімінде. Алайда, тындырар шаруа көп деді форумда сөз алған аймақ басшысы. Сондай-ақ, шарада осы бағытта ерен еңбегімен ерекшеленгендер марапат алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сыбайлас жемқорлық пен парақорлық салдарынан өнеркәсіп, адал бизнес, тұтас қалалар, елді мекендер қажетті инфрақұрылымсыз қалуы мүмкін екені жалпыға мәлім. Білім берудегі сыбайлас жемқорлық сауатсыз дәрігерлерді, инженерлерді, заңгерлерді және басқаларды дүниеге алып келеді.

Жемқорлықтың әкім айтқан бұл салдары жалпыға мәлім. Қанша дегенмен, пара беріп те, алып та жатқандар көп әлі елімізде. Жыл сайын Қазақстан бойынша орта есеппен мұндай 100 мыңнан астам қылмыс әшкереленеді екен. Яғни, кеселді әлі түп тамырымен жеңе алмай жатырмыз. Парақорлықпен күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыты, бұл рас. Алайда, сол күрес мардымды нәтиже беру үшін не істеу керек?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Оңтүстік-шығыс Азия мен Скандинавия елдерін мысал ретінде алайықшы. Мұндағы мемлекеттерде парақорлық деңгейі өте төмен, ал азаматтарының тұрмыс сапасы әлем бойынша ең жоғары.

Осыған ұмтылуымыз тиіс дейді облыс әкімі. Құмар Ақсақалов өлкеде кеселге қарсы қолға алынып жатқан шаруаны жіпке тізді. Ең алдымен мемлекеттік қызметтер толықтай автоматтандырылуда. Одан қалды, көлеңкелі экономиканы жоймаққа қолма-қол ақшасыз есеп айырысу деңгейін 30 пайызға жеткізіп отырмыз. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жанынан халықтың базынасын тыңдап, бақылау жүргізетін мониторингтік топ бар. Сол топтың басшысы Александр Бодуновский бүгін құқық тәртібін қаматамасыз етуге қосқан үлесі үшін медаль алды. Тектен-тек емес.

Александр Бодуновский – СҚО бойынша арнайы мониторингтік топтың жетекшісі:

– Арнайы мониторингтік топ 2016 жылы құрылды. Биыл бізге 50-ге тарта шағым түсті. Тұрғындар жолдың сапасыз жөнделуі мен ауыз су жүйесінің жөнсіз тартылуына көп шағымданады. Барып, тексеріп, жергілікті органдар мен мердігерлерге тиісті ұсынымдар жасаймыз. Сондай-ақ, осы жылы темір жол билеттерінің жасанды тапшылығын жасау әрекеттерін әшкерелеуге де көп көмектестік.

БҰҰ-мен бекітілген халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күнінде марапат алғандар аз болмады. Бірі – ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ағамыз.

Ескендір Елеусізов – СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Заң жүзінде қудалаумен ғана біз жемқорлықты жеңе алмаймыз. Судьялардың, прокурорлардың, заң қызметкерлерінің жалақысын өсіру керек. Сондай-ақ, үкіметтік жұмыста жүргендердің биыл, келесі жылдардан бастап айлықтарын 50,60,100 пайызға көтеріп жатқандары жемқорлықты жоюға өз септігін тигізеді.

Жуырда ғана Мемлекет басшысының бас болуымен бірқатар заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді қол астындағы қызметкер парамен ұсталса, басшысы отставкаға кетуі тиіс. Бұл органдардағы бақылауды күшейтеді, шенді-шекпенділердің жауапкершілігін арттырады. Айта кетейік, “Transperency Kazakhstan” агенттігі жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы жемқорлық деңгейі ең төмен өлкелердің қатарында. Десе де, осы шілдеде қазынадан 500 млн теңге жымқырған облыстық қаржы басқармасы басшысы орынбасарының қылмысы резонанс тудырған еді. Экс-шенеуніктің ісі қазір сотта, ал оның тікелей басшысы лауазымынан кетті өз еркімен.

 

 

Саят Ермек