Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Радуга” ЖШС жаңа өнімі – нарықта

Осыдан 2 апта бұрын қалада “Радуга” серіктестігінің қатты сабын өндіретін жаңа цехі іске қосылған болатын. Мұнда жууға арналған дүниенің түр-түрінің  күніне 7 тоннаға жуығы әзірленеді. Химиялық қоспасыз, сапалы әрі бағасы  импортталған сабынға қарағанда әлдеқайда арзан тауар қазір еліміз бойынша және Ресейдің көршілес өңірлеріне саудаланып жатыр.

Кәсіпорында бар болғаны 14 маман жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына жүктелген міндет аса ауыр емес, себебі мұнда істің барлығы автоматтандырылған. Нәтижесінде, бір сағаттың ішінде 200-300 граммдық кір сабынның бір тоннасы әзірленеді.

Ал өнімді дайындау процесі қалай өтеді? Ол үшін алдымен жануардың майы мен сілті бір контейнерде араластырылады екен. Кейін ол жоғары температурада қайнайды. Оған дейін бұл заттар 3 түрлі ыдыста плюс 85, 95 және +160 градуста сақталады. Ыстық қоспа 12 метр жоғары орналасқан автоматта салқындатылып, түйіршікке айналады.

Юлия Бызова – “Радуга” ЖШС лаборант-технологы:

– Кейін түйіршіктерді экструдер деп аталатын аппаратқа саламыз. Мұнда да оны араластырады. Иіс сабынға түрлі хош иіс қосылады. Ал кір сабынға оның қажеті жоқ. Мұнда тауардың түрі мен салмағына қарай пішіндеуге арналған 3 жабдық қарастырылған.

Дайын болған сабынға әлгі қондырғы бірден арнайы таңба басып береді. Кейін өнім кесіледі, ал талапқа сай болмаса немесе қисық шықса қайта үгітіліп, қайта пішінделеді. Міне, дайын, сапалы дүниелерді енді қораптарға салуға болады. Әрбіреуінің сыртына жалпы салмақ жазылып, қоймаға жіберіледі. Ол ар жағынан сауда сөрелеріне түседі.

Андрей Генне – “Радуга” ЖШС өндірістік цехінің басшысы:

 – Кір сабын дайындау үшін біз 3-ші сұрыпты жануар және өсімдік майын қолданамыз. Ал 1-ші және 2-ші сорттағы майдан хош иісті сабындар жасаймыз. Шикізатты сырттан алмаймыз, барлығын жергілікті жерден жинаймыз. Жалпы, елімізде қатты сабын өндіретін кәсіпорындардың саны аз, бәсекелестік жоқ деуге болады. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары.

Кәсіпорында кір сабынның 2, ал сұйық және иіс сабынның 12 түрі жасалынады. Жалпы, мұнда 1 күнде 7 тоннаға жуық жуғыш зат әзірленеді екен. Дайын дүние еліміздің бірқатар қалалары мен Ресейдің көрші облыстарына сатылады. Тауардың бағасы қалта қақпайды. Мысалы, 200 граммдық кір сабынның құны 90 теңгені құрайды. Ал 100 грамдық иіс сабын 100 теңге тұрады.

 

Актолкын Солтанханкызы