Спорт

“Qulager” ХК “Астана” құрамасын тізе бүктірді

3 ұпай қоржында! “Qulager” хоккей клубы “Астана” құрамасын қарымта кездесуде де ұтты. Матч 3-те 2 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Қазір солтүстікқазақстандық ұжым турнирлік кестеде 7-ші орында тұр.

Осыдан бір күн бұрын жерлестеріміз Нұр-Сұлтаннан келген қонақтарды 8:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Ал бүгін -міне, қарымта кездесу. Бұл жолы ойын барысы басқаша өрби бастаған секілді. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ “Астана” есе жібермеуге тырысты. Осы екпінмен кездесудің 5-ші минутында елордалық хоккейшілер қақпадағы Дмитрий Хозяшевтен айласын асырып кетті. Есеп 0:1. Дегенмен, жерлестеріміз берілер емес. Сөйтіп, араға бірнеше минут салып құлагерлік Фёдор Хорошев есепті теңестірді.

Екінші период солтүстікқазақстандықтардың пайдасына шешілді. “Qulager” командасының шабуылшысы Денис Стасюк соққан голдан кейін петропавлдық команда 2:1 есебімен алға шықты.

– Бүгінгі ойынға көңілім толмады. “Qulager”-ге ұйымшылдық жетіспей жатқан сияқты.

– Өткен матчпен салыстырғанда бүгін жерлестеріміз әлсіз ойын көрсетуде. Дегенмен, жеңіске жетеміз деген үміттемін.

Қарымта ойынның шешуші кезеңі де басталып кетті. “Астана” клубының хоккейшілері жеңіске жету үшін барларын салуда. Ойын қызып, қос команда бір-біріне дес берер емес. Дегенмен, 51-ші минутта қарсыластар тағы бір шайба соғып, есепті қайта теңестірді. Таблодағы сандар: 2:2. Күтпеген жерден соғылған голға жанкүйерлер де аң-таң. Бірақ, құлагерліктер мойыған жоқ. Қарымта жасалған шабуылдар өз жемісін берді. Петропавлдық қорғаушы Фёдор Хорошев ойын соңына қарай дубль авторы атанды. Матч 3:2 есебімен тәмам болды. Жеңіс -жерлестеріміздің еншісінде.

Фёдор Хорошев – “Qulager” ХК ойыншысы:

– Ойынның басында біздің тараптан біраз қателіктер болды. Оны қарсыластарымыз өз пайдасына шеше алды. Дегенмен, көп уақыт өткізбей жиналып, ұжым болып алып шықтық. “Астана” командасындағы жігіттер жас болса да өте ұйымшыл екен.

Қос кездесуде де жеңіске жеткен “Qulager” қазір турнирлік кестенің 7-ші орнына нық орнықты. Олар келесі ойынды желтоқсанның 11-і мен 12-сі күндері Рудный қаласында “Горняк” құрамасына қарсы өткізеді.

Актолкын Солтанханкызы