МТРА жаңалықтарыҚоғам

Оқушылар TEDx форматында жиын өткізді

Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушылары TEDx форматында кездесу өткізді.

Жаңаша көзқарас, ұтымды әдіс-тәсілдер. Бүгінгі жиын TEDх, яғни идеялармен бөлісу форматында өтіп жатыр. Отырыстың тақырыбы – жемқорлықты тыю шаралары. Бұл реттер жастар өз пікірлерімен бөлісті. Жергілікті НЗМ оқушысы Тамерлан Рашид Қытай елінің тәжірибесін мысал ретінде келтірді. Сөзінше, аспан асты елінде парақорлыққа қатысы бар адам өлім жазасына кесіледі екен.

Тамерлан Рашид – Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Қытайда парақорлыққа жол берген адам қатаң жазаланады. Жемқорға өлім жазасын тағайындау туралы заң қабылданғалы бері онда 10 мың адам ату жазасына кесілген. Қытайлықтардың ойынша бұндай қатаң жаза “бармақ басты, көз қыстылыққа” қарсы ең тиімді күрес жолы.

Ал Мағжан Мақтабек өзінің қатарластарына жемқорлықпен күресті мектеп қабырғасынан бастау керектігін айтты. Жасөспірім білім ұяларында негізге алынған “академиялық адалдық” принципін ұстануға шақырды. Яғни, кітаптан, бір-бірінен көшірмеу, сабаққа кешікпеу, мұғалімнің айтқанын мүлтіксіз орындау сияқты қағидаларды сөз етті.

Мағжан Мақтабек – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Оқушылар өз адалдықтарын мектепте қолданып, содан кейін, болашақта жемқорлыққа қарсы қолданатын болады.

Жалпы, мұндай отырыстардың басты мақсаты – оқушылар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Негізінен, мұндай жиындар жастар арасында жиі өткізіліп тұрмақ.

 

 

Ешкенова Дана