Қоғам

“Будь героем” әлеуметтік жарнама мектебіне іріктеу өтті

Петропавлда “Будь героем” атты әлеуметтік жарнама мектебіне іріктеу өтті. Байқауға мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз қатысып, өз жобаларын қорғады. Бағы жанғандар келесі жылы елордада білімдерін шыңдайды. Оларға медиа саласындағы білікті мамандар дәріс оқып, сабақ беретін болады.

Павел Ткаченко 26 жаста. Азамат 10 жылдан аса бимен айналысады. Ал тура 1 жыл бұрын театр өнеріне қызығыпты. Іздемпаз жан бүгін енді бағын телевизия әлемінде сынап көрмекші. Еңбекқор жігіт осы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың жан айқайын көпшілікке жеткізгісі келеді екен. Бүгін ол «Будь героем» әлеуметтік жарнама мектебіне іріктеуге келді.

Павел Ткаченко, қала тұрғыны:

– Бұл жобаға қатысу арқылы мен жаңа дүниелерді үйреніп, білімімді жетілдіремін. Және жаңа белестерге қол жеткізе алатын боламын. Өйткені, ол жерде бізге кәсіби блогерлер мен режиссерлер дәріс оқиды, тәжірибелерімен бөліседі.

«Будь героем» әлеуметтік жарнама мектебіне қатысу үшін алдымен бейнеролик сценарийін құрастыру қажет. Сол себепті, жігіттер команда болып бірігіп, екі күн бойы дайындалған екен. Жеңу үшін аянбай еңбектену қажет. Өйткені, ел бойынша шығармасы ең үздік деп танылған тек 20 талантты жан жобаға қатыса алады. Олар білім алуды Жаңа жылдан кейін бастайды. Сабақ елордада өтеді.

Құралай Түспекова – Ұлттық дельфий комитетінің директоры:

– Болашақта олармен медиа саласындағы монтажер, режиссер секілді танымал мамандар жұмыс істейді. Онда біз әлеуметтік жарнама тұжырымдамасын құру туралы айтамыз. Осылайша, балаларды бүкіл үрдіспен таныстырып, өз беттерінше ролик түсіруге үйрететін боламыз.

Білім қуған жандар тек медиа саласын ғана емес, сонымен қатар үлкен сахна төрінде өнер көрсетуді меңгере алады. Қазіргі күні біздің ерекше актерлер театры ел бойынша өзінің алғашқы турын аяқтады. Ұл-қыздар “Біздің сенімен қанымыз бір” әлеуметтік драмасы мен “Фантазия” спектаклін көрсетті. Өз шығармашылығын көпшілікке солтүстікқазақстандық жас актерлермен бірге елордалық балалар да ұсынды.

Құралай Түспекова – Ұлттық дельфий комитетінің директоры:

– Біздің гастрольдік тур шеңберінде театрымыздың таныстырылымы мен шеберлік сағаттары қарастырылған. Мұнда ерекше қажеттілігі бар мыңнан аса ұл-қыз қатысуға мүмкіндік алды. Оларға түрлі шеберлік сағаттары көрсетілді.

Әртістер өз үйлеріне оралды. Енді олар болашақта жүзеге асыруы тиіс жоспарларын ойластыруда. Жақын арада олардың жаңа қойылымдары жарық көруі мүмкін.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан