Қоғам

Мемлекеттің жобалардың түлектері жәрмеңке өткізді

Түрлі қолөнер бұйымдары мен дәмі тіл үйіретін тағамдар. Бүгін Петропавлдағы сауда-ойын-сауық орталығының бірінде “Бастау” және “Жас кәсіпкер” жобалары бойынша оқып, өз кәсіптерін дөңгелеткен жандар жәрмеңке өткізді. Шара барысында жерлестеріміз келушілерге дайындаған дүниелері мен қызметтерін ұсынды.

Бибінұр Жамалееваның қолынан ешқашан ине, жібі түспейді. Ол үнемі ою ойып, кесте тігумен айналысады. Оған қоса, ұлттық өрнектермен безендірілген қоржындар мен көрпешелер де әзірлейді. Тіпті, қыз жасауын да дайындайды екен. Биыл шебер “Бастау” жобасы аясында білім алып, өзінің жеке кәсібін кеңейтіпті.

Бибінұр Жамалеева – “Бастау” жобасының түлегі:

– Бұрыннан осы іспен айналысамын. Көптеген бұйымдарды қолдан жасаймын. Бастау жобасы туралы естіп, қатысып көрдім. Енді міне өзімнің жасаған жұмыстарымды халыққа ұсынудамын.

Жалпы, “Бастау” жобасына қатысқан жандардың жас ерекшеліктері әр түрлі. Алған білімдері, меңгерген мамандықтары да дәл солай. Мысалы, жәрмеңкеге қатысушы Әсем Қуандық қыз-келіншектердің қастарын қию, жұлу және бояумен айналысады. Әрі өзінің білген-түйгенін жас мамандарға үйретіп, тәжірибе алмасып отырады екен. Алға қойған жоспары да бар.

Әсем Қуандық – “Бастау” жобасының түлегі:

– Мен тек тұрғындарға қызмет көрсетумен айналысқым келмейді. Қолымнан келетін дүниені жастарға үйреткім келеді. Сол себепті кең кеңсе жалдадым. Қазір жұмыс орынның бір жағы бос тұр. Ол жерді жас маманға жалға берсем деймін. Қасыма еңбек етуге келген жанға істің қыр-сырын көрсетемін, тәжірибеммен бөлісетін болам.

Тігіншілер, қолөнер шеберлері, фотографтар мен аспаздар! Биыл “Бастау” және “Жас кәсіпкер” бағдарламалары бойынша мыңдаған солтүстікқазақстандық оқыды. Түлектердің басым бөлігі өздерінің жобаларын сәтті қорғап, мемлекеттік грандқа ие болыпты.

Рахымбек Зейнуллин – Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Өңірімізде өтіп жатқан “Жас кәсіпкер” және “Бастау жобаларының биылғы қорытындысы ретінде жәрмеңке өткізіп жатырмыз. Білесіздер биыл 3115 адам бұл жобалар арқылы оқытылды. Олардың 1800-не қайтарымысыз гранттар берілді. 250-уі өз ісін ашты.

Айта кетейік, бүгінгі жәрмеңкеде мемлекеттік жобалардың 40-қа жуық түлегі өздерінің жұмыстарын, қызметтерін халыққа таныстырды.

Байболат Бектемірұлы