Денсаулық сақтау

Қала жастары қан тапсырды

Өзгеге өмір сыйла! Облыстық қан орталығында қала жастары қан тапсырып, сауапты іс жасады. Жалпы, медициналық мекемеге жылына 5 мыңнан аса адам келіп, донор болуға ниет білдіреді екен.

Мұнда күніне шамамен 30-дан астам өңір тұрғыны қан тапсыруға келеді. Донар болуға ниет білдірген жандар ең алдымен дәрігерлердің қарауынан өтеді. Қан қысымы мен белгілі бір дерттің бар-жоғы тексеріледі.

Донор медициналық тексеріс-қараудан өткеннен соң қан тапсыруға жіберіледі. Егер адам алғаш рет қан беріп жатса, одан тек 350 миллилитрге дейін қан алынады. Әкімжан Төлебай осындай игі шараларға жиі қатысатынын айтады. Осылайша, жәрдемге мұқтаж жандарға өзінің қол ұшін созғысы келеді екен.

Әкімжан Төлебай – «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Мен қан тапсыруға жиі келіп тұрамын. Өз қатарластарыма да осындай игі іс жасауға шақырамын.

Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, қан тапсырудың адам денсаулығына әкелер пайдасы да мол көрінеді. Мәселен, донор болған жанның қан айналым және иммундық жүйесі жақсарады. Сондай-ақ, қатерлі ісік аурулары мен жұқпалы дерттерге шалдығудың алдын алады екен.

Динара Қалуова – облыстық қан орталығы бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Қан ауруханада жатқан науқастарға жіберіледі. Сондай-ақ, жол апатына ұшыраған немесе ота кезінде көп қан жоғалтқан жандарға береміз.

Облыстық қан орталығы бүгінде өңірдегі 21 медициналық мекемені қанмен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда жылына 5 мыңнан аса адам келіп қан тапсырады екен, соның 3 мыңнан астамы – орталықтың тұрақты донорлары.

Маржан Қасымбек