Аққайың ауданында сүт-тауарлық ферма ашылды

МТРА жаңалықтары, Ауыл шаруашылығы

21:35 6 Желтоксан 2019

Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір сүт-тауарлық ферма жұмысын бастады. Бұл жолы нысан Аққайың ауданындағы табысты агроқұрылымдардың бірінде ашылды. Мұндағы асыл тұқымды шетелдік ірі қара тәулігіне 5 тоннадай сүт беріп жатыр. Жаңа ферманы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аралап шықты. Ал журналистерге облыс әкімі мал шаруашылығын қолға алған аграрийлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау жайын айтты.

Кешенде 600 бас ірі қара бар. Бәрі – симментал сиырлары. Олар біздің қыңыр климатқа төзімді. Қожалық басшысы Біржан Шаймерденов тұқымы асыл малды шетелден арнайы әкелген.

Біржан Шаймерденов – “Дайындық агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы: 

– Австрия елінен әкелдік. 126 шаруашылықты аралап жүріп таңдадық.

Таңдап алған мал үмітті ақтады. Бір-біреуі бүгінде тәулігіне 17-18 литр ақ береді. Осылайша, фермада күніне 5 тоннадай сүт өндіріліп жатыр.

Біржан Шаймерденов – “Дайындық агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– 23-ші мамырда құрылысты бастадық. 4 айдың ішінде 1,2 млрд теңге жұмсап, осы кешенді салдық. Оның ішінде қондығылар бар, малы бар. Мемлекеттен көп жеңілдік берілді. Әр сиырға 337 мың теңге ақша алдық, одан басқа бір басқа қорек үшін 120 мың теңгеден алдық.

Ірі қараның бәрі де төлдепті, қазір қорада 410 бұзау бапталып жатыр. Тәулігіне өндірілетін манағы 5 тонна сүттің тең жартысын осы бұзаулар ішеді, ал қалған 2,5 мың тоннасы Көкшетауға жөнелтіледі. Тұқымы асыл ірі қараның өзі таза күнжарамен қоректенеді. Күнжара дегеніміз – сығылған майлы дақылдардың қалдығы, ал мал үшін – пайдалы, таза протеин. Кешенді аралай жүріп, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жұмысшылармен тілдесті.

Серік Тілеугенов – бас зоотехник. Қостанайдан көшіп келген ол асыл тұқымды ірі қараның жағдайын бақылайды. Айына 250 мың теңге аламын дейді. Одан қалды түрлі бонустар мен сыйақылар да жететін. Осылайша кешен директоры білікті кадрларды тартып, ұстап қалмақ ниетте. Негізі, шаруа қожалығында бар жағдай жасалған жұмысшыларға. Демаламын десең, тынығу бөлмесі бар, жуынамын десең, душың дайын тұр. Ауқаттанатын асхана да жұмыс істейді. Мұндағы бір түскі астың құны таңқалдырмай қоймайды, әрине.

– 50 тенге, чисто символическая цена.

Сүт-тауарлық фермада 28 адам еңбектенеді. Жұмыс ауыр, таңғы 5-те басталып, кешкі 10-да аяқталады. Әр еңбеккер жарты ай жұмыс істеп, жарты ай демалады. Кешен Құмар Ақсақаловтың көңілінен шықты. Облыс әкімінің сөзінше, мал шаруашылығына құйылған инвестиция өзін міндетті түрде ақтайды. Осындай фермаларды ашамын деген іскер азаматтарға мемлекет қолғабыс етуге дайын. Қолдау тетіктері көп.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет тарапынан мал шаруашылығы саласына біраз демеушілік жасалынып жатыр. Былтыр асыл тұқымды малды сатып алу үшін 337 мың теңге жеңілдіктер болған еді. Келесі жылдан бастап әрбір басқа 50 пайыздық жеңілдік мемлекет тарапынан төленетін болады.

Өңір жетекшісі айтқан субсидияларды жергілікті аграрийлер қолданып жатыр барынша. Өлкеде былтыр сүт-тауарлық фермаланың 4-уі жұмысын бастаса, жыл аяғына дейін тағы 3-уі салынбақ. Ал 2020-ға жоспар тіпті ауқымды, меже – осы сынды кешендердің 10 шақтысын ашу.

Саят Ермек

Бұдан әрі оқыңыз

«Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» акциясы
Маусымның 28-і – БАҚ қызметкерлерінің күні
Спортсүйер жерлестеріміз қашықтықтан өткен сурет салу байқауына қатысты
СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері
ҰҰ Әскери институтын биыл 219 офицер тәмамдады
Карантин талаптары бұзылса, қалада қоғамдық көлік қатынауы тоқтатылады
Энергетиктер қысқа дайындықтарын растаулары тиіс
Қол күшінің орнына – құлтемір
Облыстық кітапханада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр
Өңірде отын қорын дайындау науқаны жүріп жатыр
Өңірде жыл басынан бері 16 мал ұрлығы тіркелген
Өңірден Сенат депутаттығына тағы бір кандидат тіркелді