БілімБалалар

Пәнаралық олимпиаданың қалалық кезеңі өтуде

Бүгін облыс орталығында пәнаралық олимпиаданың қалалық кезеңі бастау алды. Білім мен бақ, зеректілік пен тапқырлық сыналатын сайысқа қатысуға биыл мыңнан астам оқушы ниет білдіріпті. Соның 200-ге жуығы құқықтану мен Қазақстан тарихын таңдаған.

Бұл оқушылар таңғы сағат 8-ден жүр. Бірер минуттан соң көптен күткен білім бәйгесі басталмақ. 10 кезінде оларға тиісті тапсырмалар жазылған парақтар таратылды. Ұл-қыздар қағаздағы жазбаларға көз жүгіртіп шығып, жауап беруге дайын отыр. Пәндерден оқып-тоқығандары мол, бірақ қобалжу деген бар ғой. Бұл ретте Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы Дамира Қоскен өзін сенімді ұстап отыр.

Дамира Қоскен – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы:

– Маған құқықтану пәні ұнайды. Себебі әр адам өзінің құқығын білу үшін, заңдарды да дұрыс білуі тиіс.

М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Тахмина Омурова білім сынына Қазақстан тарихы пәнінен қатысуда. 14 жасар жеткіншек тарихқа кішкентайынан қызығушылық танытқан. Сол себепті болар, 3 жыл қатарынан олимпиадаларда дәл осы пәнді таңдап жүр.

Тахмина Омурова – М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің оқушысы:

– Әрине, қобалжу бар. Дегенмен, өз біліміме сенемін. Сайысқа 3 ай көлемінде дайындалдым.

Жалпы, қалалық олимпиада қалалық мектептердің барлығында өтуде. Мәселен, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 9, 10 және 11-сынып оқушылары құқықтану мен Қазақстан тарихы пәндерінен білімдерін сынауда. Тапсырмаларды орындау үшін 120 минут уақыт берілген.

Наталья Беленкова – Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің тарих пәні мұғалімі:

– Бірінші күні оқушылар құқықтанудан тест орындайды, келесі күні эссе жазады. Ал Қазақстан тарихы пәнінен алғашында эссе жазылып, содан кейін ғана тест ұсынылады. Биыл соңғы аталған пән бойынша олимпиадаға қатысуға 103 оқушы ниет білдірген. Бұл өткен жылмен салыстырған біршама көп. Ал құқықтанудан 67 бала қатысып жатыр.

Айта кетейік, 2 күнге созылатын білім бәйгесінің қорытындысы ертең кешке белгілі болмақ. Кейін, сайыстың нәтижесі бойынша үздіктер облыстық кезеңде бақтарын сынайды.

Дана Сәлімқызы