Құқық қорғау органдары

Нашақорлыққа қарсы күрес шаралары

Өңір полицейлері нашақорлыққа қарсы күрес шараларын жалғастыруда. Қауіпті індеттің жастар арасында белең алуын болдырмау мақсатында білім ордаларында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Соның бірі – Гуманитарлық-техникалық колледжінде де өтті.

Облыстық полиция департаменті биылғы жылды нашақорлықпен күрес жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай тәртіп сақшылары жыл бойы мектеп оқушылары әрі колледжер мен университет студенттерімен кездесулер өткізіп жүр. Олар ұл-қыздарға есірткінің залалы жайлы әңгімелеп қана қоймай, нашақордың кешкен күні суреттелген, ой салар бейнероликтерді де көрсетуде.

Алтын Қазенова – Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Есірткінің зияны туралы талай айтылып жүр. Одан бойды да, сананы да аулақ ұстау қажет. Түрлі үгіттеуге ермеу керек. Ал есірткінің қандай болсын түрін таратқан адам жазадан құтылып кетпеуі қажет.

Жазадан енді ешкім құтыла алмайды. Себебі, биылғы жылдың 5-ші шілдесінен бастап тиісті заң қатаңдатылды. Енді, зиянды заттарды таратушылармен қатар, жарнамалаушылар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Яғни, гараж, қоршау мен ғимараттардың қабырғаларына есірткі туралы жазба салғандар да жазаланады.

Жанар Байғазина – СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі:

– Жыл басынан 500-ге жуық ғимарат қабырғасынан есірткі туралы граффити-жазулардың көзі жойылды. Сондай-ақ, зиянды затты сататын 157 интернет-ресурс бұғатталды.

Жыл басынан тәртіп сақшылары жасөспірімдермен 500-ден астам кездесу өткізген. Түсіндіру шаралары әлі де жалғасын таппақ.

Дана Сәлімқызы